Accessibility links

Гаагада Косоводағы қылмыстар жөнінде сот құрылмақ


Көрнекі сурет.

Көрнекі сурет.

Гаагада 1990-жылдардың соңында Косоводағы қарулы жанжал кезінде албандық көтерілісшілер жасаған болуы мүмкін делінетін қылмыстарды тергейтін арнайы трибунал құрылмақ.

«Сот 1999-2000 жылдары Косовоны азат ету армиясы мүшелері этникалық азшылық өкілдеріне, соның ішінде ең алдымен сербтер мен саяси қарсыластарына қарсы жасаған болуы ықтимал қылмыстарды тергейтін болады» делінген Нидерланд сыртқы істер министрлігі 15 қаңтарда таратқан мәлімдемеде.

Сотты ұйымдастыруға қатысушы Еуропалық одақ өкілдерінің пікірінше, егер Косово еуропалық құрылымдармен интеграциялық процесті жалғастырғысы келсе, онда аталған әскери қылмыстарға айыптылар әділ жазасын алуы тиіс.

2008 жылы біржақты түрде өз тәуелсіздігін жариялаған Косовоны осы кезге дейін әлемнің жүзден аса мемлекеті, соның ішінде АҚШ пен Еуропа одағының кейбір елдері мойындаған. Ал Сербия, Қытай, Ресей және тағы бірқатар елдер Косовоны тәуелсіз мемлекет деп танудан бас тартқан.

Косовода 10 мыңға жуық адамның (көбі – этникалық албандар) өмірін қиған 1999-2000 жылдары болған қарулы жанжал НАТО күшінің араласуымен тоқтатылған еді. Ресей мен Қытай НАТО-ны заңсыз іс-әрекетке барды деп сынаған.

Косовода жасалған әскери қылмыстарға байланысты қозғалған қылмыстық істерді бұрынғы Югославиядағы әскери қылмыстар бойынша құрылған Гаагадағы халықаралық сот қараған. Оның тергеушілері бұрын қарулы жанжал болған аймақта қылмыстық істерді тексеру кезінде түрлі қиындықтарға кезіккен. Кейбір қылмыстық істер айғақ-дәлелдердің жеткіліксіздігі немесе куәгерлердің қаза табуына байланысты жабылған, осындай себептерге байланысты, өзге істер бойынша айып тағылғандар ақталған.

Бұған дейін Косовоның сот жүйесін халықаралық қауымдастық бірнеше рет қатты сынаған.

XS
SM
MD
LG