Accessibility links

Буркина-Фасода 63 адам кепілден азат етілген


Буркина-Фасо астанасы Уагадугу қаласында. (Көрнекі сурет.)

Буркина-Фасо астанасы Уагадугу қаласында. (Көрнекі сурет.)

Батыс Африкадағы Буркина-Фасо мемлекетінің астанасы Уагадугу қаласында сенбіге қараған түні шабуыл барысында Splendid қонақ үйінде қарулы топ кепілдікке алған 63 адам азат етілген, олардың 33-і зардап шеккен. Бұл туралы елдің ақпарат министрі Реми Данджину мәлімдеді деп хабарлайды France-Presse агенттігі.

Министрдің айтуынша, үкімет күштері франциялық арнайы жасақпен бірлесіп, қонақ үйді басып алған қарулы топқа қарсы шайқас жүргізіп жатыр.

Кепілден босатылғандар арасында Буркина-Фасоның еңбек және әлеуметтік қорғау министрі де бар екені хабарланды.

Бұған дейін Reuters агенттігі Уагадугу университеті ауруханасының басшысына сілтеме жасап, оқиға барысында жиырмаға жуық адам мерт болған деген ақпарат таратқан. Бірақ ресми орындар әзірше қаза болғандар туралы мәлімет берген жоқ.

Негізінен БҰҰ қызметкерлері мен еуропалық елдерден барған туристер түсетін Splendid қонақ үйіне сенбіге қараған түні белгісіз біреулер шабуыл жасаған. Куәгерлердің айтуынша, әуелі қонақ үй жанында екі жарылыс болып, іле-шала бет-жүздерін жасырған қарулы адамдар басып алған ғимарат жақтан атыс дыбысы естілген.

XS
SM
MD
LG