Accessibility links

Иранға қарсы салынған санкция алынды


Еуропа Одағының сыртқы саясат жөніндегі өкілі Федерика Могерини (сол жақта) мен Иран сыртқы істер министрі Жавад Зариф. Вена, 16 қаңтар 2016 жыл.

Еуропа Одағының сыртқы саясат жөніндегі өкілі Федерика Могерини (сол жақта) мен Иран сыртқы істер министрі Жавад Зариф. Вена, 16 қаңтар 2016 жыл.

Тегеран ядролық бағдарламасына қатысты мойнына алған халықаралық міндеттемелерді орындағандықтан, Батыс елдерінің Иранға қарсы салған санкциясы алып тасталынады. Бұл туралы сенбі күні Венада Иран сыртқы істер министрі Жавад Зарифпен бірге өткізген баспасөз мәслихатында Еуропа Одағы сыртқы саясат мекемесінің басшысы Федерика Могерини мәлімдеді.

Еуропа Одағы мен Иран Тегеранның халықаралық міндеттемелерін орындағанын тану туралы бірлескен мәлімдеме жасады.

Осы кезге дейін халықаралық қауымдастық оқшау қалдырып келген Иран, санциялар алынған соң, шетелдік банктердегі өзіне тиесілі миллиардтаған долларға бағаланатын активтерге қол жеткізіп, мұнайын экспортқа шығаруға мүмкіндік алады. Сонымен бірге, ел экономикасы мен өнеркәсіпті технологиялық тұрғыдан жаңғыртуға жол ашылады. Мәселен, Иран ең жаңа үлгідегі жолаушылар ұшағын сатып алуға ниетті екенін осыған дейін жариялап қойған. Бұл оның елдегі тозығы жеткен ұшақтарды жаңартудағы алғашқы қадамы болмақ.

Сонымен бірге, санкциялар алынған соң Иранға батыс елдері тарапынан кең көлемде – бірнеше ондаған миллиард доллардың инвестициялары салынады деген болжам айтылып отыр.

Иран мен АҚШ, Еуропа Одағы, Ұлыбритания, Франция, Германия және Ресейдің екі жарым жылға жалғасқан дипломатиялық жігерінің арқасында қазіргідей нәтижеге қол жеткізу мүмкін болды деп мәлімдеді сенбі күні Венада журналистер алдында сөйлеген сөзінде АҚШ мемлекеттік хатшысы Джон Керри. Ол келісімге қол жеткізуге жәрдем танытқаны үшін Швейцария мен Австрияға алғыс білдіріп, Иран делегациясының ұзаққа созылған келіссөз барысындағы маңызды рөлін атап өткен.

2015 жылы 15 шілдеде Иран мен әлемдік «алтылықтың» Тегеранның ядролық бағдарламасына қатысты келіссөзі нәтижелі аяқталып, тараптар келісім жасасқан еді. Оған сәйкес, Иран өз аумағындағы ядролық нысандарға Халықаралық атом энергиясы агенттігі (МАГАТЭ) тексерушілерін жіберуге, ал Батыс елдері Иранға салынған санкцияларды біртіндеп алып тастауға міндеттеме алған.

Сенбі, 16 қаңтарда МАГАТЭ Иран үкіметі ядролық бағдарламасына қатысты мойнына алған халықаралық міндеттемелерді орындағаны туралы жариялаған.

XS
SM
MD
LG