Accessibility links

Киев ЕО дипломаттарын Савченконың үкімін естуге шақырды


Украиналық әскери қызметші Надежда Савченко сот залында. Донецк, Ростов облысы, Ресей, 14 қаңтар 2016 жыл.
Украиналық әскери қызметші Надежда Савченко сот залында. Донецк, Ростов облысы, Ресей, 14 қаңтар 2016 жыл.

Украина сыртқы істер министрі Павел Климкин Еуропа Одағы дипломаттарын Ресейде соты өтіп жатқан украиналық әскери қызметші Надежда Савченкоға үкім жарияланған кезде сотқа қатысуға шақырды. Климкин бұл өтінішін ЕО сыртқы саясат мекемесінің басшысы Федерика Могеринидің өкіліне жеткізген.

Бұған дейін Савченконың адвокаты Илья Новиков Ресей соты украиналық азаматтың ісі бойынша үкімін ақпаннан ерте шығармайды деген болжам айтқан.

Надежда Савченко өзін қамауда ұстау мерзімін сәуірдің 16-сына дейін ұзартқан сот шешіміне наразылық ретінде желтоқсанның 17-сінен бері аштық жариялап жатыр. 2014 жылы жазда тұтқынға алынғалы бері бұл оның түрмеде жариялаған осымен үшінші аштық акциясы.

Украиналық әскери қызметшінің үстінен қозғалған қылмыстық іс бойынша сот процесі Ресейдің Ростов облысындағы Донецк қалалық сотында өтіп жатыр. Ресей билігі Савченкоға 2014 жылдың жазында Украинаның шығысында қаза тапқан ресейлік екі журналистің өліміне қатысы бар және «мемлекеттік шекараны заңсыз кесіп өткен» деген айыптар таққан. Тергеушілердің болжамы бойынша, журналистер қаза тапқан күні Савченко Луганск түбінде украиналық әскерилерге қай тұсқа оқ ату керегін айтып, бағыт-бағдар беріп отырған.

Савченко журналистер қаза тапқан кезде ресейшіл сепаратистердің тұтқынында болғанын, кейін олар өзін ықтиярынан тыс Ресей аумағына алып өткенін айтады.

XS
SM
MD
LG