Accessibility links

АҚШ Иранның зымыран жобасына қатысты санкциялар енгізді


АҚШ пен Иран тулары. (Көрнекі сурет.)

АҚШ пен Иран тулары. (Көрнекі сурет.)

АҚШ қаржы министрлігі Тегеранның баллистикалық зымыран бағдарламасына байланысты Иранның жеті азаматы мен Қытайдың бір азаматына, сонымен бірге қытайлық бір компания мен Біріккен Араб әмірліктерінің екі кәсіпорнына санкциялар енгізілгені туралы хабарлады.

АҚШ мәліметі бойынша, олардың барлығы Иранға баллистикалық зымыран әзірлеу және өндіріп шығару үшін қажетті құрамдас бөліктер беруге атсалысқан.

Associated Press агенттігінің ақпараты бойынша, бұл санкцияларды 2015 жылы желтоқсанда енгізу жоспарланған, бірақ америкалық тұтқындарды айырбастау жөніндегі келіссөздерге байланысты ол кейінге қалдырылған.

Сенбі күні халықаралық атом энергиясы агенттігі (МАГАТЭ) Иран үкіметі ядролық бағдарламасына қатысты былтыр шілдеде жасалған келісім бойынша мойнына алған халықаралық міндеттемелерін орындағанын жария еткен. Сол күні Еуропа Одағы мен АҚШ Иранға қарсы салынған экономикалық санкциялардың бір бөлігі алынатынын мәлімдеген. Бұған қоса Иран әртүрлі айыптар тағылған АҚШ-тың бірнеше азаматын қамаудан босатқан.

Санкциялардың алынып тасталуы Иранға бұған дейін Батыс елдерінде бұғатталған 50 миллиард доллардан асатын активтеріне қол жеткізуге және халықаралық саудаға қатысуына, соның ішінде мұнайын экспортқа шығаруға мүмкіндік береді.

Жалпы есеп бойынша, БҰҰ, Еуропа Одағы және АҚШ-та барлығы 550 фирма мен жеке тұлғалар санкциялар тізімінен шығарылуы тиіс.

XS
SM
MD
LG