Accessibility links

АҚШ: Президенттіктен үміткерлер дебат өткізді


АҚШ президенттігіне Демократиялық партиядан түсуге үміткерлер Хиллари Клинтон (сол жақта) мен Берни Сандерс. 17 қаңтар 2016 жыл.

АҚШ президенттігіне Демократиялық партиядан түсуге үміткерлер Хиллари Клинтон (сол жақта) мен Берни Сандерс. 17 қаңтар 2016 жыл.

АҚШ президенті сайлауына Демократиялық партиядан түсуге үмітті үш кандидат 17 қаңтарда Иова штатында 1 ақпанда басталатын дауыс беру алдындағы соңғы дебатқа шықты.

Демократиялық партиядан басты үміткер, бұрынғы мемлекеттік хатшы Хиллари Клинтон осы партиядан үміткерлердің бірі, Вермонт штатының сенаторы Берни Сандерспен денсаулық сақтау саласын реформалау, қару саудасын бақылау және үлкен қаржылық институттардың қызметін реттеу сияқты мәселелерде пікір таластырды.

Сандерс Клинтон сайлау кампаниясы алғаш басталғанда қоғамдық пікір нәтижесі бойынша сайлаушылардың 50 пайыздан астам даусына ие болып, көш бастағанын, бірақ қазір қоғамдық пікір қорытындысында екеуі де Иова мен Нью-Гэмпшир штаттарында бірдей келе жатқанын айтты. Соңғы сауалнама қорытындысы екі үміткердің де Иова штатында бірдей қолдауға ие екенін, ал Нью-Гэмпширде Сандерс сәл ғана басымдыққа ие екенін көрсеткен.

Клинтон өзіне қойылған Ресей президенті Владимир Путинмен байланысы туралы сұрақты "өте қызықты" деп атады.

Клинтон 2009 жылы өзінің АҚШ мемлекеттік хатшысы ретінде жүргізген Ресеймен қарым-қатынасын оңалту саясатын қорғап сөйледі. Оның сөзінше, бұл саясатының нәтижесінде Мәскеу АҚШ-пен ядролық қаруды қадағалауда және Иранның ядролық бағдарламасын тежеуде ынтымақтасқан.

Дебатқа Мэрилэнд штатының бұрынғы губернаторы, Клинтон мен Сандерстен әлдеқайда артта қалған Мартин О'Мэлли де қатысты.

XS
SM
MD
LG