Accessibility links

Орал: Саудагерлер жалдау ақысын арзандатуды сұрайды


Саудагерлер Орал қаласының әкіміне жазылған ұжымдық шағымға қол қойып жатыр. Орал, 18 қаңтар 2016 жыл.
Саудагерлер Орал қаласының әкіміне жазылған ұжымдық шағымға қол қойып жатыр. Орал, 18 қаңтар 2016 жыл.

Оралдың орталығындағы базарда бүгін он шақты саудагер жиналып, сауда жүргізудің жаңа шарттарына наразылықтарын білдірді. Саудагерлер жұмыс істейтін жабық базарды иесі жылдың басында жапқан. Базар иесі саудагерлерге келесі айдан бастап сауда орнын сол маңда салынып жатқан сауда үйіне көшіруді ұсынған. Бірақ саудагерлер ондағы жалдау бағасы қымбат екенін айтады. Жаңа сауда үйіндегі сауда орнының бір шаршы метрінің жалдау құны - айына 3500 теңге. Ал жабық базардағы жалдау бағасы шаршы метріне 3000 теңге болған.

- Біз сүт өнімдерін ауылдардан әкелеміз. Сауда - біздің жалғыз табыс көзіміз. Біз мұндай жалдау ақысын төлей алмаймыз, - дейді саудагер Татьяна Аникина.

Саудагерлер Орал қаласының әкіміне жалдау ақысының арзандауына ықпал етуді сұрап ұжым болып хат тапсыруға қол жинап жатыр.

Орал қақалық әкімдігінің кәсіпкерлік бөлімінің жетекшісі Ринат Шәуеновтің Азаттыққа айтуынша, билік кәсіпкерлік қызметке киліге алмайды. Оның сөзінше, базар иесі шығынына байланысты жалдау ақысын өзі тағайындауға хақылы.

Жабық базар директоры әрі жаңа сауда үйінің иесі Александр Жуков жалдау ақысының шаршы метрі тым көп емес, тек 500 теңгеге қымбаттағанын айтады. Жаңа сауда үйіндегі ең шағын бутиктің көлемі жеті шаршы метрді құрайды. Жуков бұрынғы жабық базар орнында көлік тұрағы салынатынын айтады.

XS
SM
MD
LG