Accessibility links

Біләлов сотына жақтастарын кіргізбеді


Белсенді Болатбек Біләловтің сотына келген қорғаушылары арнайы монитордан сот процесін бақылап тұр. Астана, 19 қаңтар 2016 жыл.

Белсенді Болатбек Біләловтің сотына келген қорғаушылары арнайы монитордан сот процесін бақылап тұр. Астана, 19 қаңтар 2016 жыл.

Астананың Сарыарқа аудандық сотында "алауыздық тудырды" деген айыппен сотталып жатқан азаматтық белсенді Болатбек Біләловтің бүгінгі сот отырысына қолдаушыларын кіргізбеді. Бүгін бірнеше минутқа созылған сот процесі прокурордың өтініші бойынша қаңтардың 21-іне шегерілді.

Соттан Азаттық тілшісінің хабарлауынша, бүгін Біләловті қолдаушыларды сот залына кіргізбей, оларға арнап монитор қойылған жеке бөлме бөлген. Болатбек Біләловтің ағасы, қоғамдық қорғаушысы Қанат Біләлов қолдаушыларды өткен аптадағы сияқты сот залына кіргізбей қоюы мүмкін деп қауіптеніп, оларға бүгін сот болмайды деп әдейі хабарлағанын жеткізді.

Бүгін соттың жарыссөз кезеңі басталатын болған. Бірақ прокурор судьядан істі қарауды кейінге қалдыруды сұрады. Біләловтің адвокаттары ол өтінішті қолдады.

«Демократия және адам құқығы институты» үкіметтік емес ұйымының жетекшісі, қоғам белсендісі Болатбек Біләлов 2015 жылдың қарашасында тұтқындалған. Болатбек Біләловті екі айға қамауға алу туралы қаулыны Астана қаласы Сарыарқа аудандық екінші соты 11 қараша күні шығарған. Оған «араздық тудыру» айыбы тағылған. Тергеушілердің пікірінше, белсенді бұл әрекетті «бұқаралық ақпарат құралдары алдында, көпшілікке жария түрде жасаған».

XS
SM
MD
LG