Accessibility links

Қытайдың экономикалық өсімі 2015 жылы баяулады


Қор биржасындағы акциялар котировкасына қарап отырған ер адам, Пекин. (Көрнекі сурет).
Қор биржасындағы акциялар котировкасына қарап отырған ер адам, Пекин. (Көрнекі сурет).

Қытай экономикасының өсімі 2015 жылы 6,9 пайыз болып, 1990 жылдан бергі ең төменгі көрсеткішке төмендеді. 2014 жылы Қытай экономикасының өсімі 7,3 пайыз болған.

Пекин 2015 жылы экономикалық өсім 7 пайыз болады деп болжаған еді. Әлемде АҚШ-тан кейінгі екінші ірі нарық саналатын Қытай экономикасының ахуалы инвесторларды алаңдатады. Қытай қазір экспорт пен инвестицияға емес, қызмет көрсету саласы мен ішкі тұтынуға негізделген экономика құруға тырысып жатыр.

Қытай премьер-министрі Ли Кэцян бұған дейін елде жеткілікті жұмыс орны ашылғандықтан, экономиканың баяулауына алаңдамауға болатынын айтқан.

Пекин көрсеткіштерді "қолдан көтермелегенін" жоққа шығарса да, кейбір сарапшылар Қытайдың қарқыны ресми көрсеткіштен біршама төмен дейді.

Қытайдың экономикалық даму қарқынының баяулауы Қытай орталық банкін 2014 жылдың қарашасынан бері негізгі пайыздық мөлшерлемені алты рет азайтуға мәжбүрлеген.

Қытай әлемде энергетикалық шикізат сатып алатын ең ірі ел болғандықтан, бұл елдің қор нарықтарындағы бағалы қағаздар котировкасының құлдырауы әлемдік қор нарықтарында бірнеше рет дүрбелең тудырған.

2015 жылы Қытайдың халықаралық резервтері 512,6 миллиард долларға азайып, 3,33 триллион доллар болып қалды.

XS
SM
MD
LG