Accessibility links

Ермек Нарымбаев аштық жариялады


Белсенді Ермек Нарымбаев сотта тұр. Алматы, 20 қаңтар 2016 жыл.

Белсенді Ермек Нарымбаев сотта тұр. Алматы, 20 қаңтар 2016 жыл.

"Араздық қоздырды" деп айыпталып, сотталып жатқан азаматтық белсенді Ермек Нарымбаев аштық жариялады. Нарымбаевтың бүгін Алматының Алмалы аудандық сотында айтуынша, ол аштықты "құқықтық бассыздыққа қарсылық" ретінде 18 қаңтар күні жариялаған.

Нарымбаевтың сөзінше, Алматыдағы тергеу абақтысында оны бір кісілік камераға ауыстырған. Ол тамақ ішуден бас тартып, ол туралы арнайы журналға жазып қойған. Белсенді кеше өзі "жүре алмайтындықтан және сотта тұра алмайтыны себепті" оны сотқа әкелмегенін айтады.

Бүгін сотта бұл іс бойынша өзге сотталушы, азаматтық белсенді Серікжан Мәмбеталин "қылмыс құрамы жоқ" деген себеппен қылмыстық істі тоқтатуға өтініш берді. Мәмбеталиннің айтуынша, бұл істе сотталушылардың өзара сөз байласқаны дәлелденбеген және іс-әрекеттерінен ешкім зардап шекпеген.

Судья Марал Жарылғасова бұл өтінішті қанағаттандырудан бас тартты. Бүгін бұған қоса, сотқа Eurasianet сайтының журналисі Джоанна Лиллисті кіргізу туралы өтініш те қанағаттандырылмады.

Бұдан соң сотта қорғаушылар ұсынған куәгер Еркінбек Рақышевтен жауап алынды. Соттағы жауап алу кезінде Рақышев пен судья Жарылғасова сөз таластырып қалды. Рақышев сөзін судьяға қарата "Ұзамай сізді де соттайды" деп аяқтады. Прокурор Рақышевті "сотты құрметтемейтін" мінез көрсетті деген соң судья оны сот залынан шығарып жіберуге өкім етті.

Сотта бүгін Нарымбаевтан жауап алынуы керек болған. Бірақ Нарымбаев сотта жауап бермейтінін айтты. Судья белсендіден "жауап беруден бас тартасыз ба?" деп бірнеше рет сұрап, Нарымбаев оған "қазір жауап беруден бас тартатынын" айтты. Судья оның тергеу кезінде берген жауаптарын оқыды.

Серікжан Мәмбеталин мен Ермек Нарымбаев былтыр қазан айында қамалған. Оларға Facebook желісінде «Қазақстан мұсылмандар одағы ұйымының жетекшісі» Мұрат Телібеков жазды деген, жарияланбаған "Ветер с улицы" кітабынан үзінді келтірді деген айып тағылған. Ресми айыптауға қарағанда, «үзінді мәтіні ұлтаралық араздық тудыруға себеп болуы мүмкін». Белсенділер айыпты мойындамайды.

Сот желтоқсан айында басталған.

XS
SM
MD
LG