Accessibility links

Мәмбеталин мен Нарымбаев сотында жарыссөз белгіленді


Азаматтық белсенділер Ермек Нарымбаев (сол жақта) пен Серікжан Мәмбеталин сотта тұр. Алматы, 11 қаңтар 2016 жыл.

Азаматтық белсенділер Ермек Нарымбаев (сол жақта) пен Серікжан Мәмбеталин сотта тұр. Алматы, 11 қаңтар 2016 жыл.

"Алауыздық тудырды" деп айыпталған азаматтық белсенділер Серікжан Мәмбеталин мен Ермек Нарымбаевтың соты жарыссөз кезеңіне көшті. Алматының Алмалы аудандық сотының судьясы Марал Жарылғасова кеше кешке сот тергеуі аяқталып, тараптардың жарыссөзге көшкенін жариялады. Сотталушылар үшін бұл күтпеген жайт болды. Бұған дейін сотталушылар бірнеше өтініш білдіріп, судья оның көбін қанағаттандырмай тастаған. Ал кейбірі бойынша Жарылғасова шешімді кеңесу бөлмесінде қабылдайтынын айтқан.

Жарыссөз жариялауына байланысты судья мен Нарымбаев екінші рет сөзге келіп қалды. Судья Нарымбаевты сот залынан шығаруға өкім етті. Бұдан соң Мәмбеталин Нарымбаевты қолдап, сотқа қатысудан бас тартатынын мәлімдеді. Сотталушылар сот залынан шығарылды.

Марал Жарылғасова кеше кешке жарыссөзді бірінші сөз прокурор Дидар Қабаевқа берілетінін жария етті. Бірақ адвокаттар судьяға жұмыс күні аяқталғанын және өздерінің оған дайындалуы қажет екенін айтып жарыссөзді келесі сот отырысына қалдыруды сұрады.

Прокурор сотталушылар мен олардың қорғаушылары сот процесін "саналы түрде созып келгенін" айтып, жарыссөзді бастай беруді ұсынды. Адвокаттар прокурордың бұл мәлімдемесін "дәлелсіз" деп атады. Прокурор бұл сөзді жауапсыз қалдырды. Судья бұдан соң жарыссөзді 22 қаңтарға қалдырды.

Серікжан Мәмбеталин мен Ермек Нарымбаев былтыр қазан айында қамалған. Оларға Facebook желісінде «Қазақстан мұсылмандар одағы ұйымының жетекшісі» Мұрат Телібеков жазды деген, жарияланбаған "Ветер с улицы" кітабынан үзінді келтірді деген айып тағылған. Ресми айыптауға қарағанда, «үзінді мәтіні ұлтаралық араздық тудыруға себеп болуы мүмкін». Белсенділер айыпты мойындамайды.

Сот желтоқсан айында басталған.

XS
SM
MD
LG