Accessibility links

Молдовада үкіметке наразылық жалғасты


Молдова парламентін қорғап тұрған полицейлер мен үкіметке наразылық танытқан демонстранттар. Кишинев, 21 қаңтар 2016 жыл.

Молдова парламентін қорғап тұрған полицейлер мен үкіметке наразылық танытқан демонстранттар. Кишинев, 21 қаңтар 2016 жыл.

Молдовада парламент депутаттары премьер-министр қызметіне басқарушы Демократиялық партия өкілі Павел Филиптің кандидатурасы мен жаңа үкімет құрамын мақұлдаған соң басталған наразылық 21 қаңтар күні де жалғасты.

20 қаңтарда депутаттар Филипті премьер-министр етіп бекітіп, оның еуропашыл үкіметі 21 қаңтарға қараған түні ант берген.

Кишиневтегі үкімет кеңсесі мен парламент алдындағы акцияларға жеті мыңға тарта адам қатысты. Демонстранттар қазіргі саяси элита "коррупцияға белшеден батқан" деп, түбегейлі реформалар жүргізуді және ерте парламент сайлауын өткізуді талап етеді.

Үкіметке наразылық оппозициялық ресейшіл "Біздің партия" мен Социалистер партиясының бастамасымен өтіп жатыр. Наразылыққа бұған қоса, еуропашыл "Ар-намыс және сенім" қозғалысының жақтастары да қосылды. Бұл топтардың жетекшілері 21 қаңтарда парламент спикері Адриан Кандумен кездесті. Наразылар билікке талаптарын ресми түрде тапсырды. Канду үкіметке "елдегі жағдайды тұрақтандырып, өз қабылетін көрсетуі үшін" тым болмағанда 100 күн жұмыс істеуге мұрсат беруді сұрады. Спикер парламентте болған шерушілердің полициямен қақтығысын айыптап, демонстранттарды сабырға шақырды.

20 қаңтарда парламентке жиналған демонстранттардың бір бөлігі полиция бөгетін бұзып, ғимаратқа басып кірген. Кейін қауіпсіздік күштерінің қызметкерлері наразыларды ғимараттан күшпен шығарған. Екі жақ арасында болған қақтығыстан 10 адам жараланған.

Өткен жылы күзде елде банктерден ірі көлемде қаржы жымқыру жанжалынан соң премьер-министр Валерий Стрелец үкіметі отставкаға кеткен. Молдова парламенті содан бері екі рет премьерліккке ұсынылған кандидатты бекіте алмаған еді.

XS
SM
MD
LG