Accessibility links

CPJ Рамзан Қадыров мәлімдемесіне алаңдайды


Committee to Protect Journalists ұйымының сайтынан скриншот. (Көрнекі сурет).
Committee to Protect Journalists ұйымының сайтынан скриншот. (Көрнекі сурет).

Нью-Йоркте орналасқан "Журналистерді қорғау комитеті" (Committee to Protect Journalists - CPJ) халықаралық үкіметтік емес ұйымы Ресей президенті Владимир Путинге Шешенстан басшысы Рамзан Қадыровтың мәлімдемелеріне қатысты хат жолдады. CPJ хатта Қадыровтың ресейлік тәуелсіз журналистер, ақпарат құралдары мен құқық қорғаушыларға "қоқан-лоқы" көрсеткен сөздеріне алаңдаушылық білдірген. Ұйым Путинді журналистердің қауіпсіздігін қамтамасыз етіп, олардың қауіп-қатерсіз және доқ көрсетусіз жұмыс істеу құқығына кепілдік беруге шақырады.

21 қаңтар күні Amnesty International халықаралық құқық қорғау ұйымы Ресей билігін Шешенстан басшысының ресейлік құқық қорғаушылар, тәуелсіз ақпарат құралдары мен саясаткерлерге жасаған "доңайбатына" жауап қатуға шақырған. Amnesty International "мұндай қоқан-лоқыға ерекше мән беру қажет" дейді.

Рамзан Қадыров 12 қаңтар күні Грозныйда журналистермен кездесуінде Ресейдегі оппозиция өкілдерін "халық жауы" атап, "оларды ел іргесін ыдырататын әрекеттері үшін соттау керек" деген. Шешенстан парламенті спикері Магомед Даудов та әлеуметтік желіде оппозициялық саясаткерлер, қоғам қайреткерлері мен кейбір ақпарат құралдарына қатысты қатаң пікір айтқан.

Бүгін Грозныйдың орталығында "Біздің күшіміз - бірлікте" деген ұранмен Путин мен Қадыровты қолдайтын митинг өткізу жоспарланған. Шешенстан кәсіподақтары кеңесінің төрағасы Хусайн Солтагереевтің ТАСС агенттігіне айтуынша, ұйымдастырушылар акцияға 700 мыңнан астам адам қатысуы мүмкін дейді.

XS
SM
MD
LG