Accessibility links

Нарымбаев пен Мәмбеталинді соттауды сұрады


Соттағы жарыссөз кезінде белсенді Ермек Нарымбаев орындықта жатыр. Алматы, 22 қаңтар 2016 жыл.
Соттағы жарыссөз кезінде белсенді Ермек Нарымбаев орындықта жатыр. Алматы, 22 қаңтар 2016 жыл.

"Алауыздық тудырды" деп айыпталған белсенділер Серікжан Мәмбеталин мен Ермек Нарымбаевтың сотында бүгін тараптар жарыссөзге кірісті. Алмалы аудандық сотында өтіп жатқан процесте айыптаушы прокурор Дидар Қабаев соттан Мәмбеталинді төрт жылға, Нарымбаевты бес жылға соттауды және оларды жалпы режимдегі колонияға жіберуді сұрады.

Прокурор сотталушылардың әрекетінде "алдын ала сөз байласу" болғаны дәлелденбегенін айтып, айыпты 174-баптың 2-тармағынан 1-тармағына ("Әлеуметтік, ұлттық, рулық, нәсілдік, таптық немесе діни алауыздық тудыру") ауыстыруды да сұрады.

Нарымбаевты бүгін сотқа медициналық арбамен әкелген. Ол прокурордың сөзін залдағы орындықта жатқан күйі тыңдады. Дәрігерлер денсаулығына шағымданған Нарымбаевқа көмек көрсетіп, оны "сотқа қатыса алатындай жағдайда" деген.

Бүгін сот тыңдауы басталғанға дейін бір топ белсенді сот ғимараты алдында Мәмбеталин мен Нарымбаевты қолдап акция өткізген. Акцияға қатысқандар белсенділерге тағылған айыпты "саяси" деп атап, оларды босатуды талап еткен.

Серікжан Мәмбеталин мен Ермек Нарымбаев былтыр қазан айында қамалған. Оларға Facebook желісінде «Қазақстан мұсылмандар одағы ұйымының жетекшісі» Мұрат Телібеков жазды деген, жарияланбаған "Ветер с улицы" кітабынан үзінді келтірді деген айып тағылған. Ресми айыптауға қарағанда, «үзінді мәтіні ұлтаралық араздық тудыруға себеп болуы мүмкін». Белсенділер айыпты мойындамайды. Сот желтоқсан айында басталған.

XS
SM
MD
LG