Accessibility links

Жапония Иранға салған санкциясын жойды


Жапония сыртқы істер министрі Фумио Кишида (сол жақта) мен Иран сыртқы істер министрі Мохаммад Джавад Зариф. Токио, 6 қаңтар 2016 жыл.

Жапония сыртқы істер министрі Фумио Кишида (сол жақта) мен Иран сыртқы істер министрі Мохаммад Джавад Зариф. Токио, 6 қаңтар 2016 жыл.

Жапония 22 қаңтар күні Иранға салған санкцияларын жойды. Өткен аптада БҰҰ-ның атом істері агенттігі (МАГАТЭ) Тегеранның ядролық бағдарламасын шектеу туралы әлемдік державалармен жасасқан келісім талаптарын орындағанына көз жеткізгенін хабарлаған.

Жапония үкіметінің баспасөз хатшысы Йошихиде Суга Токиода өткен баспасөз жиынында "Жапония Иранмен ынтымақтастық қатынасын ары қарай нығайтуға мүдделі және Тегеранмен ежелгі достық қарым-қатынасы арқылы Таяу Шығыстағы тұрақтылық пен бейбітшілікке үлес қосқысы келеді" деп мәлімдеді.

Жапония Иранға санкциялар жарияланғанда бұл елдің мұнай және газ секторына инвестиция салуды тоқтатқан еді. Жапония сыртқы істер министрі Фумио Кишида журналистерге "Токио таяуда Тегеранмен инвестиция туралы келісім жасасатынын" хабарлады.

Санкциялар жойылған соң қазір халықаралық компаниялар энергетикалық ресурстарға бай Иранға инвестиция салуға ұмтылып жатыр. Кеше жапониялық Suzuki Motors корпорациясы Иран нарығына оралуды ойластырып жатқанын хабарлаған.

16 қаңтар күні МАГАТЭ Тегеран ядролық келісім бойынша өзіне алған міндеттемелерін орындады деп мәлімдеген соң БҰҰ, АҚШ пен Еуропа Одағы бұл елге салған санкцияларының күшін тоқтатқан.

XS
SM
MD
LG