Accessibility links

Мәмбеталин тағы "істің саяси астары бар" деп мәлімдеді


Азаматтық белсенді Серікжан Мәмбеталин сотта тұр. Алматы, 11 қаңтар 2016 жыл.

Азаматтық белсенді Серікжан Мәмбеталин сотта тұр. Алматы, 11 қаңтар 2016 жыл.

Ермек Нарымбаевпен бірге "алауыздық тудырды" деп айыпталған белсенді Серікжан Мәмбеталин бүгін сотта өздеріне қарсы істің "саяси астары" бар екенін тағы мәлімдеді.

Алмалы аудандық сотында өтіп жатқан жарыссөз кезеңінде сөйлеген Мәмбеталин өздеріне қарсы істі алда болатын сайлауға байланысты "саяси тапсырыспен" жасалған деп атады. Ол өзіне таңылған қылмысты жасамағанын айтты.

Мәмбеталин бұған қоса, Мұрат Телібеков пен Александр Ляховқа қатысты қылмыстық істі тоқтату қажет екенін айтты. Белсенділерге айып әлеуметтік желіде "авторы Телібекев" деп танылған кітаптан үзінді келтіргені үшін тағылған. Тергеу мәліметі бойынша, белсенділер ол үзіндіні Ляховтың сайтынан көшірген. Телібеков пен Ляховқа қатысты іс қозғалғаны Мәмбеталин мен Нарымбаевтың сот процесі барысында белгілі болған.

Нарымбаевтың адвокаты Жанар Балғабаева мен ағасы әрі қоғамдық қорғаушысы Арман Нарымбаев соттан Ермек Нарымбаевты ақтауды сұрады. Олардың айтуынша, Нарымбаевтың ісінде қылмыс белгісі жоқ. Нарымбаевтың өзі сотта сөйлеген жоқ. Ол сотта айтылған сөздерді орындықта жатқан күйі тыңдады. Оны сотқа медициналық арбамен әкелді.

Ермек Нарымбаев 18 қаңтардан бері "құқықтық бассыздыққа қарсылық" ретінде аштық жариялаған. Аштыққа дейін ол бірнеше рет қан қысымы көтерілгенін айтып шағымданған.

Айыптаушы прокурор Дидар Қабаев Мәмбеталинді төрт жылға, Нарымбаевты бес жылға соттауды сұрады. Прокурор сотталушылар әрекетінде "алдын ала сөз байласу" белгісі бар екенін дәлелденбегенін айтып, айыпты 174-баптың 1-тармағынан 2-тармағына ауыстыруды сұрады.

Мәмбеталин мен Нарымбаев өткен жылы қазанда қамауға алынған. Оларға қатысты сот желтоқсанда басталған.

XS
SM
MD
LG