Accessibility links

Мәмбеталин мен Нарымбаев сотта соңғы сөзін айтты


Сотта орындықта жатқан азаматтық белсенді Ермек Нарымбаев пен оның інісі, қоғамдық қорғаушы Арман Нарымбаев. Алматы, 22 қаңтар 2016 жыл.

Сотта орындықта жатқан азаматтық белсенді Ермек Нарымбаев пен оның інісі, қоғамдық қорғаушы Арман Нарымбаев. Алматы, 22 қаңтар 2016 жыл.

"Алауыздық тудырды" деп айыпталған белсенділер Ермек Нарымбаев пен Серікжан Мәмбеталин бүгін Алматының Алмалы аудандық сотында соңғы сөзін айтты. Нарымбаев судьяны "ағат пікір ұстанды" деп айыптап, тергеуде өзінің іс-әрекетінде қылмыс белгісі болғанын дәлелдей алмағанын, сот "айыптау мәнерінде" өткенін айтты.

Нарымбаевтың сөзінше, негізгі куәгерлер, оның ішінде өзіне және өзімен бірге сотталып жатқан Серікжан Мәмбеталинге қарсы істе аты аталатын Гүлбахрам Жүністен жауап алынбады. Нарымбаев пен Мәмбеталинді әлеуметтік желіде авторы Мұрат Телібеков делінетін кітаптан үзінді келтіргені үшін соттап жатыр.

Тараптардың жарыссөзінде Ермек Нарымбаев сөйлеген жоқ. Ол денсаулығына байланысты сотта орындықта жатты. Дәрігерлер сот басталар кезде оның сотқа қатыса алатынын айтып, көмектесіп тұрды. 18 қаңтардан бері судан басқа ешнәрсе ішпей, аштық ұстаған Нарымбаев жарыссөзге қатысқысы келген. Бірақ судья жарыссөз аяқталғанын, соңғы сөз берілгенде сөйлейтінін айтып, оған сөз беруден бас тартты.

Мәмбеталин соңғы сөзінде өкінбейтінін және айыбын мойындамайтынын айтты. Ол тек туыстары мен туғандарынан оларға "бейнет көрсеткені үшін" кешірім сұрайтынын айтты.

Жарыссөз кезінде прокурор соттан Нарымбаевты бес жылға, Мәмбеталинді төрт жылға соттауды сұраған. Прокурор сотталушылар іс-әрекетінде "алдын ала сөз байласқаны" дәлелденбегенін айтып, тағылған айыпты 174-баптың 2-тармағынан 1-тармағына ("Әлеуметтік, ұлттық, рулық, нәсілдік, таптық немесе діни алауыздық тудыру") ауыстыруды сұрады.

Мәмбеталин жарыссөзде істің "саяси астары барын" мәлімдеген. Мәмбеталиннің анасы істің "саяси астары бары бадырайып көрініп тұрғанын" айтты.

Адвокаттары мен қоғамдық қорғаушылары Мәмбеталин мен Нарымбаев қылмыс жасамағанын айтып, соттан оларды босатуды сұрады.

Судья Марал Жарылғасова үкім бүгін сағат 18-де жарияланатынын хабарлады.

XS
SM
MD
LG