Accessibility links

Рахмонға шексіз сайлану құқығы берілді


Тәжікстан президенті Эмомали Рахмон. Душанбе. 23.11.2015

Тәжікстан президенті Эмомали Рахмон. Душанбе. 23.11.2015

22 қаңтар күні Тәжікстан парламенті ел конституциясына өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы заңды қабылдады. Оған сәйкес президент Эмомали Рахмонға шексіз мәрте президенттіке сайлану мүмкіндігі беріледі.

Президент сайлауына түсу үшін адамның жасына қойылған шектеулер де өзгерді. Бұл өзгерту "Эмомали Рахмонның ұлы келесі президент сайлауына түседі» деген болжамды күшейтті.

Бұған дейін, Тәжікстанда президентке «ұлт көшбасшысы» атағын беретін заң қабылданған. Азаттықтың Тәжік редакциясының хабарлауынша, президент Эмомали Рахмон 25 желтоқсанда «Ұлт көшбасшысы - бейбітшілік пен ұлттық бірліктің негізін қалаушы туралы» заңға қол қойған. Заң жобасын парламент 18 желтоқсанда мақұлдаған.

16 баптан тұратын заң жобасында «бейбітшілік пен ұлт бірлігінің негізін қалаушы», «ұлт көшбасшысы» ұғымдарына түсінік беріліп, «ұлт көшбасшысының» құзыреті, оның жеке басына қол сұғылмау құқығы, қауіпсіздігін қамтамасыз ету мен әлеуметтік кепілдік беру, орден мен мемлекеттік сыйлық тағайындау ережелері бекітілген.

Парламенттың төменгі палатасы - Маджлис намояндагон спикері Шукурджон Зухуров бұған дейін Рахмонды "тәжік халқы үшін көп нәрсе жасаған батыр" деп атаған. Ол бұл «тарихи» заң жобасы елдегі демократиялық процестерге «қайшы келмейтінін» мәлімдеген.

Тәжікстан конституциясы 1994 жылы азамат соғысы кезінде бүкілхалықтық референдум арқылы қабылданған. Оған 1999 және 2003 жылы тағы да референдум арқылы өзгерістер енгізілген. 2003 жылы енгізілген өзгерістер президент Эмомали Рахмонға жеті жылдық екі мерзім бойы, яғни 2020 жылға дейін билікте отыруға мүмкіндік берген.

  • 16x9 Image

    Мәншүк АСАУТАЙ

    1980 жылы туған. Е.Бөкетов атындағы Қарағанды мемлекеттік университетін бітірген.

    Қарағанды қаласындағы жергілікті телеарнада қызмет еткен. 2004 жылдан бері Азаттықтың тілшісі. 

    Автормен оның Facebook парақшасында да пікірлесуге болады.

XS
SM
MD
LG