Accessibility links

Кэмерон: Ресеймен Сирия жайлы диалог жалғасуы тиіс


Ұлыбритания премьер-министрі Дэвид Кэмерон.
Ұлыбритания премьер-министрі Дэвид Кэмерон.

Ресеймен арадағы күрделі жағдайға қарамастан, британ үкіметі Сирия дағдарысын реттеуге байланысты Кремльмен келіссөздерден бас тартпауы тиіс деп мәлімдеген Ұлыбритания премьер-министрі Дэвид Кэмерон. Ол бұл келіссөздерге «барлық ойыншылар, мейлі Сауд Арабиясы, немесе Иран, я Ресей» қатысуы қажет екенін атап айтқан деп хабарлады бүгін ВВС.

Қаңтардың 21-і күні Лондонда, 2006 жылы қаза тапқан Ресей федералдық қауіпсіздік қызметінің бұрынғы қызметкері Александр Литвиненконың өліміне қатысты тергеу қорытындылары жарияланған соң, Ұлыбритания мен Ресей арасындағы қарым-қатынас шиеленісіп кетті. Тергеу қорытындысында Литвиненкоға у беру «Ресей президенті Владимир Путиннің мақұлдауымен жасалған болуы мүмкін» екені айтылған. Кэмерон бұл мәліметтерді «өте жан түршігерлік» деп атаған. Оның баспасөз хатшысы Ұлыбританияның Ресейге қарсы қандай да бір шара қолдану мүмкіндігін қарастырып жатқанын хабарлаған. Бірақ ел үкіметіндегілер британ басшылығының Кремльмен «байсалды іс-әрекетті» жалғастыра беретінін айтқан.

Сирия жанжалын реттеу жөніндегі келіссөздер қаңтардың 25-і күні Женевада, Сирия үкіметі мен оппозиция өкілдерінің қатысуымен өтеді деп жоспарланған. Сенбі күні АҚШ мемлекеттік хатшысы Джон Керри мен Ресей сыртқы істер министрі Сергей Лавров телефон арқылы сөйлесіп, келіссөздерге дайындық мәселесін тағы да талқылаған.

Бұған дейін алдағы келіссөздерге қатысатын сириялық оппозиция делегациясы басшысының орынбасары Джордж Сабра, Ресей ұшақтары көтерілісшілер позицияларына әуе шабуылдарын тоқтатып, үкімет бірқатар аудандардан қоршауды алып тастамайынша оппозицияның Сирия президенті Башар Асад режимі өкілдерімен бетпе-бет кездесуі мүмкін емес деп мәлімдеген.

XS
SM
MD
LG