Accessibility links

Таиланд жағалауынан Boeing ұшағы сынығы табылды


Реюньон аралында табылған Boeing ұшағы сынығын көтеріп келе жатқан адамдар. 29 шілде 2015 жыл.
Реюньон аралында табылған Boeing ұшағы сынығын көтеріп келе жатқан адамдар. 29 шілде 2015 жыл.

Таиландтың оңтүстік жағалауынан табылған ұшақ сынығы 2014 жылы наурызда жоғалып кеткен малайзиялық Boeing 777 жолаушылар ұшағының бөлшегі болуы мүмкін деген болжам айтылып отыр.

Жергілікті билік өкілінің Reuters агенттігіне айтуынша, ұзындығы үш, ені – екі метр болатын металл сынығын Накхонситхаммарат провинциясында толқын жағаға шығарып тастаған.

Таиланд баспасөз құралдары бұл сынық Куала-Лумпурден Пекинге ұшып шығып, із-түссіз кеткен Malaysia Airlines әуе компаниясының ұшағы болуы мүмкін деп хабарлады. Ресми орындар бұл болжамды әзірше растаған жоқ.

Ұшақ сынығын тауып алған балықшылар оның суда жатқанына бір жылдан аспаған деп санайды.

Былтыр 29 шілде күні Үнді мұхитындағы Реюньон аралында (Франция иелігіндегі) теңіз жағалауынан табылған сынық жоғалған Boeing 777 ұшағы қанатының бөлшегі деп танылған еді. Ұшақты іздеу жұмыстары Үнді мұхитының оңтүстік бөлігінде, Реюньон аралының шығысына қарай шамамен төрт мың шақырым жерде жүргізілген. Бірақ ол маңнан ұшақ қалдықтарын таба алмаған.

Бортында 227 жолаушысы мен 12 экипаж мүшесі болған Malaysia Airlines ұлттық компаниясының Boeing 777 ұшағы 2014 жылы наурыздың 8-і күні MH370 рейсімен Куала-Лумпурден Пекинге ұшып шыққан соң көп ұзамай ізім-ғайым жоғалып кеткен еді. Бұл оқиға әлемдік авиация тарихында ең үлкен жұмбақтардың бірі болып қалды.

XS
SM
MD
LG