Accessibility links

Байден: АҚШ пен Түркия ИМ-ді жеңудің әскери жолына да әзір


АҚШ вице-президенті Джо Байден. Стамбул, Түркия, 22 қаңтар 2016 жыл.
АҚШ вице-президенті Джо Байден. Стамбул, Түркия, 22 қаңтар 2016 жыл.

АҚШ пен Түркия «Ислам мемлекеті» (ИМ) экстремистік тобын жеңу үшін «әскери шешім» табуға әзір екені туралы АҚШ вице-президенті Джо Байден мәлімдеген. Түркия премьер-министрі Ахмет Дәуітоглумен кездесуден кейінгі сөзінде ол мәселені саяси жолмен шешкен жақсы екендігін, бірақ егер оған қол жеткізу мүмкін болмаса, онда АҚШ балама жолдар іздейтінін айтқан. Кейінірек Ақ үй өкілдері вице-президенттің саяси шешім туралы сөздері Сирия билігі мен көтерілісшілер арасындағы бейбіт келіссөздерге қатысты екенін, ал әскери шешім тек ИМ-ге байланысты айтылғанын түсіндірген.

Сирия билігі мен оппозиция өкілдерінің БҰҰ аясындағы келіссөздері алдағы аптада өтуі тиіс. Бұған дейін Ұлыбритания премьер-министрі Дэвид Кэмерон бұл процеске Ресей де қатысуы керек деп мәлімдеген.

АҚШ вице-президенті Джо Байден ИМ-ге қатысты өз елінің жоспарын сипаттаған кезде экстремистік топтың «көзін жою» жайлы мәлімдеген. Сонымен бірге ол Түркияда тыйым салынған Күрдістан жұмысшы партиясы да, жихадшылар тәрізді Анкараға қауіп төндіретінін айтқан.

«Бұл кәдімгі террорлық топ және олар өрескел іс-әрекеттерге барады» деген ол.

Сонымен бірге, бұған дейін Түркия президенті Режеп Тайып Ердоғанмен кездесуде Джо Байден Түркияда сөз бостандығына жасалатын қысымды – журналистерді қорқытып-үркіту, әлеуметтік желілерді ажыратып тастау және билікті сынаушыларға «опасыздық» айыбын тағуды сынға алған еді.

Тәуелсіз мемлекет құруды мақсат ететін Күрдістан жұмысшы партиясының отыз жылдан аса уақыт жалғасып келе жатқан Түркия үкіметіне қарсы қарулы күресі барысында 40 мыңнан астам адам құрбан болған.

XS
SM
MD
LG