Accessibility links

Тәжікстан қауіпсіздік шарасын күшейтті


Душанбе көшесінде ит жетектеген сарбаздар. (Көрнекі сурет.)

Душанбе көшесінде ит жетектеген сарбаздар. (Көрнекі сурет.)

Тәжікстан қалалары мен аудандарында бүгін таңертеңнен бастап қауіпсіздік шаралары күшейтілді. Елдің кейбір аймақтарына кіреберісте қосымша бекеттер қойылған. Душанбеде мемлекеттік нысандар мен көпшілік жиналатын орындар маңында құқық органдары қызметкерлері шоғырландырылған.

Тәжікстан ішкі істер министрлігінің ресми өкілі Джалолиддин Садриддин Азаттықтың Тәжік қызметіне қауіпсіздік шараларының күшейтілуі құқық органдарының әскери дайындығын тексеру мақсатында жүргізіліп жатқанын хабарлады.

«Жеке құрамның әскери дайындығын тексеру – әдеттегі шара. Жағдай толық тұрақты. Айына бір-екі рет тексеру жүргізіледі» деді ол.

Қазіргі уақытта бекеттерде автоинспекция қызметкерлерімен бірге тұрған арнайы бөлімшенің қарулы сарбаздары өткен-кеткен көліктер мен ондағы жолаушыларды тексеріп жатыр.

Гиссар ауданы тұрғыны Абдурасул Наджотов үйіне жеткенше бес бекеттен өткенін, олардың әрбірінде автокөлікті тексергенін айтты. Дәл осындай жағдай Қорған-Төбе және Куляб аудандарында байқалған.

Бұған дейін Тәжікстанда қауіпсіздік шаралары былтыр қыркүйек айындағы оқиғалар кезінде және Душанбеде Ұжымдық қауіпсіздік шарты ұйымы саммиті басталар қарсаңда күшейтілген еді.

XS
SM
MD
LG