Accessibility links

Молдованың жаңа премьері: Отставкаға кетпеймін


Молдованың жаңа премьер-министрі Павел Филип. Бухарест, 26 қаңтар 2016 жыл.
Молдованың жаңа премьер-министрі Павел Филип. Бухарест, 26 қаңтар 2016 жыл.

Молдованың жаңа премьер-министрі Павел Филип өзінің отставкаға кетуін талап етіп жатқан демонстранттарды тынышталуға шақырды. Филип отставкаға кету ниеті жоғын және азаматтардың сенімін қалпына келтіруге күш жұмсайтынын мәлімдеді.

"Саяси билікте қазір молдовалықтар мен халықаралық әріптестеріміздің сенімін қалпына келтірудің соңғы мүмкіндігі қалды" деді Филип Румынияға сапарында журналистерге өткізген баспасөз жиынында. Румынияға сапарында Филип Молдова элитасы елде жаппай наразылық тудырған саяси дағдарысқа жауапты екенін де айтты.

Өткен аптада, жаңа үкімет жасақталған соң 40 мыңға тарта адам Кишинев көшелеріне шығып, елде ерте парламент сайлауын өткізуді талап еткен. BBC-ге берген сұхбатында Филип "әлеуметтік және экономикалық дағдарысқа ұрынбау үшін Молдоваға үкімет керек" деген Филип. Ол шектен шығып, зорлық-зомбылық жасаған шерушілерге шара көрілетінін де ескертті.

Молдовада өткен жыл елдегі мемлекеттік үш банктен бір миллиард доллар қаржы жымқырылғаны анықталған соң үкімет отставкаға кетіп, саяси дағдарыс орнаған. Елде жаппай наразылық шерулері өтіп, бұрынғы премьер-министр Влад Филат тұтқындалған. Молдовалықтардың бір бөлігі Еуропа Одағы құрамына кіруді, бір бөлігі Ресеймен қарым-қатынасты жақсартуды жақтайды.

XS
SM
MD
LG