Accessibility links

Берлин: Мәскеу орыс қызы оқиғасын саясиландырмасын


Германия сыртқы істер министрі Франк-Вальтер Штайнмайер (оң жақта) мен Ресей сыртқы істер министрі Сергей Лавров. Берлин, 6 қараша 2015 жыл.

Германия сыртқы істер министрі Франк-Вальтер Штайнмайер (оң жақта) мен Ресей сыртқы істер министрі Сергей Лавров. Берлин, 6 қараша 2015 жыл.

Германия Ресейді Берлинде тұратын ресейлік иммигрант отбасының 13 жастағы Лиза есімді қызының зорланғаны туралы мәселені саясиландырмауды ескертті. Германия сыртқы істер министрі Франк-Вальтер Штайнмайер Ресей сыртқы істер министрі Сергей Лавровтың Мәскеуде бұл мәселеге қатысты айтқан пікріне "таңданып қалғанын" мәлімдеді.

"Әлі тергеліп жатқан 13 жастағы қыздың оқиғасын Германияның ішінде өзі де күрделі миграция мәселесіне қатысты дебат тудырып, саяси насихат ретінде қолдануға болмайды" деді Штайнмайер.

Германия канцлері Ангела Меркельдің баспасөз хатшысы Штеффен Зайберт 27 қаңтарда Ресей үшін бұл мәселені "саяси мақсатта пайдалану орынсыз" екенін мәлімдеген. Оның сөзінше, неміс құқық қорғау органдары оқиғаны шетелдің араласуынсыз-ақ аяқтауға жақын тұр.

Германия полициясы 11 қаңтарда із-түзсіз жоғалып, келесі күні табылды деген Лиза туыстары "ұрлап әкетіп, зорлаған" деп хабарлаған соң ақпарат құралдарының назарына іліккен. Туыстарының айтуынша, қызды Таяу Шығыстан барған мигранттар ұрлап әкеткен.

26 қаңтарда өткен баспасөз жиынында Лавров "әрине, қыздар 30 сағатқа өз бетімен жоғалып кетпейді" деп, Германия билігін "әділеттілік пен шыншылдыққа" шақырған.

Лавров Германия билігі "болған жағдайды қандай да бір ішкі саяси себептерге байланысты бүркемелеуге тырыспайтынынан" үмітті екенін білдірген. Ал Берлин полициясы қыздың ұрланғаны, я зорланғанына ешқандай дәлел таппағанын айтады.

Берлин прокуратурасының баспасөз хатшысы Мартин Штелтнер журналистермен сұхбатында қызбен жыныстық қатынаста болу күдігімен екі ер адам тергеліп жатқанын және бұған байланысты қылмыстық іс қозғалуы мүмкін екенін айтқан. Оның сөзінше, екі адамның бірі Германия азаматы, екіншісі елде ұзақ мерзім тұруға рұқсаты және Түркия паспорты бар азамат.

Бұл оқиғаға байланысты Германиядағы орыс қауымы Берлин мен басқа да қалаларда жаппай митингілер ұйымдастырды.

XS
SM
MD
LG