Accessibility links

Финляндия 20 мыңдай мигрантты елден шығармақ


Финляндия-Ресей шекарасында тұрған босқындар. 23 қаңтар 2016 жыл.
Финляндия-Ресей шекарасында тұрған босқындар. 23 қаңтар 2016 жыл.

Финляндия билігі өткен жылы елге босқын мәртебесін сұрап келген 32 мың мигранттың жартысынан астамын елден шығару ниеті бар екенін жариялады. Финляндия ішкі істер министрі Паиви Нерг босқын мәртебесін сұрағандардың үштен екісінің өтініші қанағаттандырылмайтынын мәлімдеді. Нергтің сөзінше, өтінішінен бас тартылған 20 мыңға тарта адамды елден шығару алдағы бірнеше айда басталады.

Финляндияда қалғысы келетіндерге ең жоғары талап негізінен Ирак, Ауғанстан және Сомалиден шыққан азаматтарға қойылады. Өткен жылы Финляндия үкіметіне босқын мәртебесін беруді сұраған өтініштердің 20 мыңнан астамы Ирактан барған мигранттардан түскен.

Министрдің сөзінше, Финляндия билігі депортацияланатын мигранттарға арналған екі лагерь жасақтайды. Оның бірінде Финляндиядан өз еркімен кетуге дайын мигранттар, екіншісінде мәжбүрлі түрде шығарылатындар тұрады. Босқын мәртебесін беруден бас тартылғандардың шамамен 4 мыңы өтінішін өз еркімен қайтарып алған.

Финляндия мигранттардың Арктика арқылы келетін жолын жабу туралы Ресеймен келіссөз жүргізіп жатыр. Өткен жылы Норвегия Ресей территориясы арқылы келетін босқындарға шекарасын жапқан соң Ресейдің Финляндиямен шекарасында мигранттар көбейген.

XS
SM
MD
LG