Accessibility links

АҚШ: Царнаевтың адвокаттары апелляциялық шағым берді


"Бостон марафонында жарылыстар ұйымдастырды" деп өлім жазасына кесілген Джохар Царнаевтың соттағы суреті.
"Бостон марафонында жарылыстар ұйымдастырды" деп өлім жазасына кесілген Джохар Царнаевтың соттағы суреті.

Бостон марафонында жарылыс ұйымдастырды деген айыппен өлім жазасына кесілген Джохар Царнаевтың адвокаттары жұма күні АҚШ сотына апелляциялық шағым берді.

Апелляциялық шағымның қандай негізде берілгені туралы әзірше ашып айтылмайды. Ол жөнінде кейінірек, адвокаттар қосымша құжаттар тапсырған соң белгілі болмақ.

Бұған дейін Царнаевтың адвокаттары Бостондағы жарылыс бойынша соттың сол қаланың өзінде өтуі алқабилер шешіміне айтарлықтай ықпал етті деген уәжбен сотты қайта өткізуді сұрап шағым түсірген еді. Қаңтар айында АҚШ федералдық судьясы Царнаевтың қорғаушыларының ол шағымын қанағаттандырудан бас тартқан.

Бостонда 2013 жылы 15 сәуірде марафон кезінде жасалған жарылыстар салдарынан үш адам қаза тауып, 260-тан астам адам зардап шеккен. Бұл іс бойынша ұсталған негізгі күдіктінің ісін қараған сот былтыр 22 жастағы Джохар Царнаевты айыпты деп танып, оған өлім жазасын кескен.

Қазір Царнаев АҚШ-та терроризм айыбы бойынша сотталғандарды қамауда ұстайтын ең қатал режимдегі Флоренс түрмесінде (Колорадо штатында) отыр.

XS
SM
MD
LG