Accessibility links

Қостанайда өрттен ондаған адам баспанасыз қалған


Өртенген үйдің орны. (Көрнекі сурет.)

Өртенген үйдің орны. (Көрнекі сурет.)

Қостанай қаласындағы орталық базар маңында жұма күні екі қабатты ғимарат өрттен толық бүлінген. Куәгерлердің сөзінше, өрт 29 қаңтар күні түскі сағат үштің шамасында басталған. Контейнерлерден салынған ғимараттағы бөлмелерді жалдап тұрып жатқан адамдар дер кезінде қауіпсіз жерге шығарылған, ешкім зардап шекпеген деп хабарлады жергілікті «Наша газета» басылымы.

Өртке қарсы қызметтің хабарлауынша, өрт кешкі сағат жеті кезінде сөндірілген. Расталмаған дерекке сәйкес, ғимаратта 26 бөлме болған, бірақ оларда нақты қанша адам тұрып келгені белгісіз. Тұрғындар ас әзірлеуге газ баллоны немесе электр плитасын пайдаланған. Өрт кезінде ғимарат ішінде қалып қойған газ баллондары жарылған деп жазады басылым.

Өрт салдарынан баспанасыз қалған адамдарға жергілікті билік қаладағы әлеуметтік қызмет көрсету аймақтық орталығына уақытша орналасуды ұсынған.

Өрттің неден шыққаны тексеріліп жатыр.

XS
SM
MD
LG