Accessibility links

Францияда төтенше жағдайды ұзартуға қарсылық акциялары өтті


Эйфель мұнарасы маңында жүрген полиция өкілдері мен жай адамдар. Париж, 23 қараша 2015 жыл. (Көрнекі сурет.)

Эйфель мұнарасы маңында жүрген полиция өкілдері мен жай адамдар. Париж, 23 қараша 2015 жыл. (Көрнекі сурет.)

Парижде сенбі күні бірнеше мың адам шеруге шығып, елде былтыр 130 адамның өмірін қиған қарашаның 13-індегі террорлық шабуылдардан кейін енгізілген төтенше жағдай режимін ұзартуға қарсылық білдірді.

Полицияның мәліметі бойынша, шеруге бес мыңға жуық адам жиналған, ал ұйымдастырушылар – 20 мыңға жуық адам қатысты дейді.

Осындай қарсылық акциялары Францияның Тулуза және басқа бірқатар қалаларында өткен, бірақ оларға бұдан аз адам қатысқан.

Бұған дейін терроризм айыбымен сотталған адамдарда басқа елдің азаматтығы болған жағдайда, оларды Франция азаматтығынан айыру туралы үкімет жоспарына наразылық ретінде 27 қаңтарда елдің әділет министрі Кристиан Тобира отставкаға кеткен еді.

Әйткенмен, сауалнама нәтижесі бойынша, француздардың 70 пайызы төтенше жағдайды қолдайтындарын айтқан.

Сәрсенбіде Франция жоғарғы әкімшілік соты – Мемлекеттік кеңес – терактілер қаупі әлі барын алға тартып, төтенше жағдай режимін алып тастаудан бас тартқан. Франция парламенті алдағы аптада бұл мәселеге қатысты өз шешімін айтады.

XS
SM
MD
LG