Accessibility links

Қазақстан экономикалық еркіндік индексінде 1 орын жоғарылады


2013 жылғы экономикалық еркіндік индексі (Көрнекі сурет).
2013 жылғы экономикалық еркіндік индексі (Көрнекі сурет).

Қазақстан Вашингтонда орналасқан Heritage Foundation ұйымы жасаған экономикалық еркіндік индексінде биыл 68-орынды иеленіп, былтырғыдан бір орын жоғарылаған. Ұйым Қазақстанды бұрынғыдай "экономикалық еркіндігі орташа" ел деп атайды.

Қазақстан Азия және Тынық мұхиты аймағы елдері арасынан экономикалық еркіндігі жағынан 12-орында тұр. Биылғы көрсеткіш өткен жылғыдан 0,3 балға жоғары.

Экономикалық еркіндік индексі бизнес жасау, еңбек ету, қаржы-несие, мүлік құқығының қорғалуы, коррупция деңгейі, бюрократиялық аппарат кедергісі, сауда және инвестиция еркіндіктерінің көрсеткіші бойынша анықталады.

"Орта Азиядағы экономикасы ең ірі Қазақстанда экономиканы әр тараптандыру мен көмірсутегі шикізатына тәуелділікті азайту үлкен мәселе болып қалып отыр. Коррупция басқару орындарының барлық деңгейінде кең таралған. Сот жүйесі конституция бойынша атқарушы билікке бағынышты. 2014 жылы қабылданған заңнамалар мүлікті тіркеуді оңайлатқанымен, мүлік құқығы тиімді түрде қорғалып отырған жоқ. Еңбек заңнамалары салыстырмалы түрде алғанда жұмсақ болғанымен, орындалуы нашар" дейді ұйым сарапшылары.

Бұрынғы совет республикалары арасында Қазақстан экономикалық еркіндігі жағынан Эстония (9-орын), Литва (13), Грузия (23), Латвия (36), Армениядан (54) кейін тұр.

XS
SM
MD
LG