Accessibility links

Хэммонд: Сириядағы дағдарысты Ресей ушықтырды


Ұлыбритания сыртқы істер министрі Филипп Хэммонд.

Ұлыбритания сыртқы істер министрі Филипп Хэммонд.

Ұлыбритания сыртқы істер министрі Филипп Хэммонд "Ресейдің Сириядағы әрекеті мұндағы дағдарысты одан ары ушықтырып, қақтығыс аймақтарынан босқындарды жаппай кетуге мәжбүрлейді" деп мәлімдеді. Ол бұл пікірін Reuters агенттігіне берген сұхбатында айтқан.

Иорданияда ресми сапармен жүрген Хэммонд "Сирияда жасауға талпынып жатқан істеріміздің барлығын Ресей бұзып жатыр. Ресей өкілдері "келіңдер сөйлесейік" дейді. Мәселе мынада: олар сөйлеп тұрып бомбалауын жалғастыра береді. Олар Башар Асадты қолдайды" деді.

Мәскеудің мәлімдеуінше, ресейлік ұшақтар "террористер позицияларына" соққы беріп жатыр. 1 ақпан күні Ресей қорғаныс министрлігі соңғы аптада Ресей әскери-әуе күштері 468 рет әскери тапсырмамен ұшып, "террористерге" 1300 соққы жасағанын айтқан. Бірақ гуманитарлық ұйымдардың өкілдері шабуылдардан көбінесе бейбіт тұрғындар зардап шегіп жатқанын айтады.

Хэммондтың сөзінше, Ресей әуе шабуылдарының 30 пайызға жуығы "Ислам мемлекеті" (ИМ - Қазақстанда тыйым салынған террористік ұйым - ред.) экстремистік ұйымына қатысы бар нысандарға, ал көпшілігі Башар Асад әскерімен соғысып жатқан оппозиция күштеріне жасалады.

"Ресейдің килігуінен соң Иорданиядағы босқындар лагерлерінен Сирияға оралып жатқан сириялықтардың қарасы мүлде азайды. Ресейдің әрекетінен керісінше Сириядан кетіп жатқандар көбейді" деді Хэммонд. Ол бұған қоса, "Мәскеудің Сириядағы мақсатын түсіну мүмкін емес" деп мәлімдеді. Хэммондтың ойынша, "Мәскеудің бұл әрекеттері мемлекеттік деңгейде талқыланбайды, олар - Путиннің жеке шешімі".

XS
SM
MD
LG