Accessibility links

Пентагон қорғаныс бюджетін көбейтуді сұрамақ


АҚШ қорғаныс министрі Эштон Картер.
АҚШ қорғаныс министрі Эштон Картер.

Пентагон бүгін 2017 жылғы қорғаныс бюджетінің жобасын ұсынады. Жобада АҚШ-тың Шығыс Еуропадағы әскери әлеуетін күшейтуге және "Ислам мемлекеті" экстремистік ұйымымен күреске көбірек қаржы бөлу сұралады.

АҚШ-тың жоғары шенді шенеуніктерінің мәліметінше, Пентагон сұрап отырған қаржы 583 миллиард долларды құрайды. Бұған Ауғанстандағы әскери операцияларға бөлінетін 57 миллиард доллар, Ирак пен Сирияда ИМ-мен күреске қажет 7 миллиард доллар кіреді. Сұралып отырған қаржы 2016 жылдың бюджетінен 35 пайызға асып тұр.

Америкалық шенеуніктердің сөзінше, 9 ақпанда АҚШ қорғаныс министрі Эштон Картер баяндама жасайды. Баяндамасында ол өзгеріп жатқан әлемдегі " қауіп-қатерлерді" атап айтып, Ресей 2014 жылы Украинадан Қырым түбегін аннексиялап алғаннан кейін туындаған жаңа қатерлерді көрсетеді.

Картер бұған қоса Еуропа елдерінің Ресей тарапынан төнетін қатерді тежеуді сұраған ұсыныстарына қосымша қаржы бөлінетіні туралы да айтады деп болжанып отыр. Қосымша қаржы бөлінсе, АҚШ-тың Шығыс Еуропаның кейбір елдерінде әскері мен техникасын көбейтуіне мүмкіндік туады.

XS
SM
MD
LG