Accessibility links

Қазақстан әскери жарғыларына өзгерістер енгізілді


Қазақстан әскерилері (Көрнекі сурет).
Қазақстан әскерилері (Көрнекі сурет).

Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаев қарулы күштер мен әскери құрылымдардың жарғыларына бірқатар өзгеріс енгізетін жарлық шығарды.

Ақорданың баспасөз қызметінің хабарлауынша, қауіпсіздік кеңесінің әскери қауіпсіздік және қорғаныс бөлімі президент жарлығына түсіндірме жариялады. Қолданыстағы заңдардың өзгеруіне және күштік құрылымдардың қайта ұйымдастырылуына байланысты қабылданған жарлық бойынша ішкі қызмет жарғысы, гарнизондық және қарауылдық қызметтер жарғысы мен тәртіптік жарғы өзгерген.

Қарулы күштердің ішкі қызмет жарғысында әскерилердің жалпы құқығы мен міндеттері, лауазымды адамдардың міндеттері мен қару қолдану тәртібі айқындалған.

Гарнизондық және қарауылдық қызметтер жарғысында гарнизондық және қарауылдық қызметін ұйымдастыру мен атқарудың тәртібі айқындалып, гарнизон басшыларының өкілеттіктері мен жауапкершілігі кеңейтілген.

Тәртіптік жарғыда әскерилердің әскери тәртіпті ұстанудағы міндеттері, тәртіптік теріс әрекеттер мен тәртіптік жазалардың түрлері, қызметтік тергеу, тексеру жүргізудің тәртібі, әскерилерді жауапқа тартудың тәртібі айқындалған. Бұған қоса әскерилерді жерлеу мен әскери құрмет көрсету рәсімдері де нақтыланды.

Жарлық бойынша саптық жарғы да ішінара өзгеріп, сапта жүріп-тұру қимылдарына қойылатын талаптар өзгерді.

Президент жарлығымен қылмыстық атқару заңдары бойынша қызмет ететін қоғамдық бақылау комиссиясы мүшелері мен ұлттық превентивтік механизм өкілдерінің гауптвахталарды тексеруіне де рұқсат етілді.

XS
SM
MD
LG