Accessibility links

Сириялық мыңдаған босқын Түркия шекарасына беттеді


Әуе шабуылдарынан соң қауіпсіз жаққа кетіп бара жатқан сириялықтар. Алеппо, қаңтар 2016 жыл.

Әуе шабуылдарынан соң қауіпсіз жаққа кетіп бара жатқан сириялықтар. Алеппо, қаңтар 2016 жыл.

Сириялық ондаған мың босқын Сирияның солтүстігіндегі Алеппо қаласының маңындағы кескілескен ұрыстан Түркиямен шекараға қашып жатыр.

Түркия премьер-министрі Ахмет Давутоглу 4 ақпанда Сириямен шекараға 70 мыңға дейін босқын ағылып келуі мүмкін екенін мәлімдеген. Ал Сириядағы жағдайды бақылаушы топтың есебінше, қақтығыстан бас сауғалағандар саны 40 мыңды құрайды.

Сирия үкіметі күштері біраз күн бұрын Ресей авиациясының қолдауымен Алеппо маңында шабуылға шыққан. Үкімет күштері көтерілісшілердің қалаға жүк тасымалдайтын негізгі жолын жауып тастаған соң Алеппода 300 мыңға тарта адам қоршауда қалып қойған деген болжам бар.

3 ақпанда Женевада өтіп жатқан Сирия бейбіт келіссөзінде бірнеше күнге үзіліс жарияланған. Келіссөздегі үзіліс Мәскеу мен Анкара Сириядағы дағдарысты тереңдетті деп бір-бірін айыптаған тұста жарияланып отыр.

Давутоглу Ресей мен Сирия президенті Башар Асадты қолдайтын басқаларды да Сирияда "әскери қылмыс" жасап отыр деп айыптаған.

Ал Ресей қорғаныс министрлігінің баспасөз хатшысы Игорь Конашенков Давутоглудың айыптауына "Түркия Сирияға басып кіруге жедел дайындалып жатыр" деп жауап берді.

XS
SM
MD
LG