Accessibility links

Тайшыбеков Қордайда сот жазбасын тексеріп жатыр


Ермек Тайшыбеков сот залында тұр. Қордай, 11 желтоқсан 2015 жыл.

Ермек Тайшыбеков сот залында тұр. Қордай, 11 желтоқсан 2015 жыл.

"Алауыздық тудырды" деген айыппен 4 жылға сотталған блогер Ермек Тайшыбеков Жамбыл облысының Қордай ауданындағы сотта сот процесінің аудио және видеожазбаларын және өзіне қатысты істің жалпы хаттамасын зерттеп жатыр. Бұл туралы бүгін Азаттыққа Тайшыбековтің адвокаты Анатолий Окуньков Қордайдан телефон арқылы хабарлады.

Адвокаттың айтуынша, 4 ақпан күні Ермек Тайшыбековті қарауылмен Тараздағы тергеу абақтысынан Қордай аудандық сотына әкелген.

- Оны кеше шамамен сағат 16-да бірден сотқа әкелді. Тек сағат 19-дан кейін оны соттан уақытша қамау абақтысына әкетті, - деді адвокат.

Тайшыбековтің ісі бойынша бірінші сот инстанциясы жалпы алғанда 20 сағатқа созылған. Адвокаттың сөзіне қарағанда, Тайшыбековке видео жазбалар мен хаттаманы көріп шығу үшін 20 сағаттай уақыт керек.

Адвокат Тайшыбеков аудио және видео жазбалармен қашан танысып бітетінін білмейтінін айтады. Тайшыбеков аталған материалдармен танысып бітіп, ол туралы сот материалына тиісті жазба қосылған соң оны Тараздағы абақтыға әкетеді. Адвокаттың сөзінше, Таразда ол үкімге берген апелляциялық шағымы бойынша сот отырысын күтеді. Окуньковтың айтуы бойынша, егер Тайшыбеков сот хаттамасына ескерту жасап, оны қарау туралы өтініш білдірсе, онда бірінші инстанция соты оның өтінішін қарауға міндетті.

Жамбыл облыстық соттың апелляциялық алқасының судьясы Нұрлан Жұмағұлов бірінші сот инстанциясында Тайшыбековтің процесс видео жазбасымен және хаттамасымен танысу құқығы бұзылды деген. Жұмағұлов 1 ақпанда бұл заң бұзушылықты жою үшін Тайшыбековтің ісін аплляциялық инстанция қарауынан алып, бірінші инстанция соты қайтарған.

Ресейшіл көзқарастарымен танылған 37 жастағы блогер Ермек Тайшыбеков Facebook әлеуметтік желісіндегі жазбалары арқылы «ұлтаралық алауыздық тудырды» деп танылып, 2015 жылы 11 желтоқсанда 4 жылға сотталған. Ол өзінің қылмыс жасағанын жоққа шығарып, істің саяси астары бар деп санайды.

XS
SM
MD
LG