Accessibility links

Ресей: Иркутскідегі шеру премьердің отставкасын талап етті


Тергеу орындарындағы азаптауға қарсы шеруге қатысушылар. Иркутск, Ресей, 6 ақпан 2016 жыл.
Тергеу орындарындағы азаптауға қарсы шеруге қатысушылар. Иркутск, Ресей, 6 ақпан 2016 жыл.

Ресейдің Иркутск облысында бүгін кедейшілікке, үлкен көлемдегі жүк таситын автокөліктерден алынатын жаңа жол салығы мен «Платон» жүйесі, сонымен бірге тергеу орындарындағы азаптауға қарсылық акциялары өтті.

Кедейшілікке қарсы шеруге Усолье-Сибирское қаласының тұрғындары шықты деп хабарлайды Азаттықтың Орыс қызметі. Бұл моноқаладағы мыңдаған тұрғынның тұрақты табыс көзі жоқ. Соңғы 15 жылдың ішінде Усолье-Сибирское қаласындағы химиялық өндіріс орындарының барлығы жабылған соң көп адам жұмыссыз қалған. Сенбі күнгі акцияға екі жүзге жуық адам қатысқан. Олар азық-түлік пен коммуналдық қызмет бағасын арзандатуды талап еткен.

Иркутск қаласында бүгін екі қоғамдық шара өткен. «Платон» төлем жүйесіне қарсы жиынға кемінде жүз елу автокөлік жүргізушілері жиналған. Наразылық шарасында «Жүргізушілер өз ақшасын күмәнді біреулерге сеніп тапсыра алмайды!», «Платон» жойылсын!», «Медведев, сен Ресей Конституциясының 74-бабын бұздың» деген жазулар ұстаған адамдар «Медведев отставкаға кетсін!» деп айғайлаған. Бұл талап наразылық акциясы қабылдаған қарарға енгізілген.

Иркутск тұрғындарының бір бөлігі аймақтың тергеу орындарындағы азаптауға қарсы шеру өткізген. Жиында сөйлегендер өз туыс-достары, таныстары мен әріптестері басынан өткерген азаптау оқиғалары туралы айтқан. Акцияда қабылданған қарарда Ресей тергеу комитетінің Иркутск облысы бойынша басқарма бастығы Андрей Бунев қызметінен кетуі тиіс деген талап айтылған.

XS
SM
MD
LG