Accessibility links

4 сарбаздың суға кетуін тергеу уақытша тоқтады


Қазақстан қорғаныс министрі Иманғали Тасмағамбетов сарбаздар суға кеткен аймақта. Маңғыстау облысы, 19 қыркүйек 2015 жыл.

Қазақстан қорғаныс министрі Иманғали Тасмағамбетов сарбаздар суға кеткен аймақта. Маңғыстау облысы, 19 қыркүйек 2015 жыл.

Каспий теңізінде өткен жылдың қыркүйегінде төрт сарбаздың әскери жаттығу кезінде қаза табуына байланысты сотқа дейінгі тергеу қосымша сараптама жасау қажеттігі туындап, уақытша тоқтатылды деп хабарлайды "Интерфакс-Қазақстан" агенттігі.

Көліктегі бас прокуратура баспасөз қызметінің хабарлауынша, сараптама дұрыс жасалуы үшін суға батқан беренді транспортерді (БТР) жасап шығарушы ресейлік зауыттан қосымша мәліметтер алу қажет. Сотқа дейінгі тергеу сараптама нәтижесі дайын болған соң жалғасады.

Қыркүйектің 18-і күні Ақтауда "Орталық-2015" әскери жаттығуы кезінде Каспий теңізінің Қазақстанға тиесілі тұсында қатардағы төрт сарбаз суға батып кеткен еді. Теңіз десантын түсіру жаттығуы кезінде алты БТР-дың төртеуі суға батып кетіп, екеуі өз күшімен жағаға шыққан. Бұл оқиғадан соң "Батыс" әскери округі қолбасшысы Мұрат Нұғыманов қызметінен алынып, оның өзі мен орынбасарына қатысты тергеу басталған. Алдын ала болжам бойынша, қайғылы оқиға "арнайы құралдар жоқ кезде десант түсіру туралы қате шешім қабылдау" кесірінен болған.

Қаза тапқан төрт сарбаз желтоқсан айында "Ерлігі үшін" медалімен марапатталған.

XS
SM
MD
LG