Accessibility links

Алматыда Алтынбек Сәрсенбайұлын еске алған жиын өтті


Қастандықтан қаза тапқан Алтынбек Сәрсенбайұлы. Youtube желісі видеосынан алынған скриншот.
Қастандықтан қаза тапқан Алтынбек Сәрсенбайұлы. Youtube желісі видеосынан алынған скриншот.

Алматыда бүгін он жыл бұрын қастандықтан қаза тапқан оппозиция жетекшісі Алтынбек Сәрсенбайұлының туыстары мен жақтастары жиын өткізіп, саясаткер қазасынан бергі мемлекет пен қоғамда болып жатқан өзгерістерді талқылады.

Жиында баяндама жасаған қазақстандық құқық қорғаушы Евгений Жовтис Алтынбек Сәрсенбайұлы Қазақстандағы жаңа қозғалыстың идеологы, демократиялық оппозиция жетекшісі әрі демократиялық идеалдардың күрескері болғанын айтты. Жовтистің сөзінше, Сәрсенбайұлы бұрынғы совед одағынан шығып, демократиялық ұрандармен билікке келген ескі күшпен күресте алдыңғы сапта жүріп мерт болған.

- Қазір еліміз демократиядан бұдан он жыл бұрынғыдан да алыстап кетті, - деді Евгений Жовтис.

"Әділ сөз" баспасөз құқығын қорғау ұйымының жетекшісі Тамара Қалеева Сәрсенбайұлы мәдениет министрі болып тұрғанында БАҚ еркіндігін кеңейтуге тырысқанын айтты. Қалеева Қазақстан тарихының кейінгі кезеңінде сөз бостандығына ұдайы шабуыл жасала бастады деп баға берді.

Саясаттанушы Айдос Сарым баяндамасында Алтынбек Сәрсенбайұлының идеологиялық мұрасына, саяси және философиялық ойларына назар аудартты. Сарымның сөзінше, Сәрсенбайұлы адамның демократиялық құндылықтарды принципті түрде таңдауын басты мәселе деп санаған.

- Ол өз өмірімен және өкінішке орай өлімімен осындай таңдау жасап, оны соңына дейін сақтағанын дәлелдеді, - деді Айдос Сарым. Оның пікірінше, тәуелсіздіктің 25 жылында билік мемлекетте рухсыздық пен өнегесіздік орнатқандықтан Сәрсенбайұлы айтып кеткен таңдау мәселесі әрбір азаматқа әлі де өзекті болып тұр.

Жиынға Алтынбек Сәрсенбайұлының жесірі Салтанат Атушева, экономист Ораз Жандосов бастаған марқұммен бірге "Нағыз Ақ жол" партиясын құрған бұрынғы жақын достары мен серіктері қатысты.

Жиында "Аңыз адам" журналы мен "Жас Алаш" газетінің Алтынбек Сәрсенбайұлына арналған нөмірлері таратылды. Сонымен қатар саясаткер мен оның өлімінен кейін Қазақстанда болған оқиғаларға, оның ішінде Жаңаөзен оқиғасына арналған көркем фильм көрсетілді.

Оппозицияшыл саясаткер Алтынбек Сәрсенбайұлы мен оның екі көмекшісі Василий Журавлев және Бауыржан Байбосынды 2006 жылдың 11 ақпанында ұрлап әкетіп, 13 ақпанда Алматы маңындағы тауда олардың оқ тиген жансыз денелері табылған.

XS
SM
MD
LG