Accessibility links

Ресей: Сирияда бітім орнатуды талқылауға дайынбыз


Ресей сыртқы істер министрінің орынбасары Геннадий Гатилов.

Ресей сыртқы істер министрінің орынбасары Геннадий Гатилов.

Ресей Германияда өтетін Сирия бейбіт келіссөзі қарсаңында Сирияда бітім орнату мүмкіндігін талқылауға дайын екенін мәлімдеді.

Ресей сыртқы істер министрінің орынбасары Геннадий Гатилов Ресей жағы 11 ақпанда Мюнхенде өтетін келіссөзде "бітім жобасын" талқылауға дайын екенін айтты.

АҚШ мемлекеттік хатшысы Джон Керри мен Ресей сыртқы істер министрі Сергей Лавров Мюнхенде 17 мемлекет қатысып жатқан Сирия байланыс тобының жиынына төрағалық етеді.

Ал бұл уақытта Кремльдің баспасөз хатшысы Дмитрий Песков бұған дейін тараған "Ресей Сирияда 1 наурыздан бастап бітім орнатуды ұсынды" деген ақпаратты терістеді.

Ақпанның басында Женевада басталған Сирия бейбіт келіссөзі Сирия үкіметі күштері Ресей авиациясының қолдауымен Алеппо қаласы маңында шабуылға шыққан соң үзіліп қалған. Шабуылдардан мыңдаған сириялық босқын Түркиямен шекараға қарай бассауғалаған.

11 ақпанда Ресей сыртқы істер министрінің орынбасары Олег Сыромолотов Мәскеу Сирия-Түркия шекарасы бойынша "қауіпсіз аймақ" құру жоспарына қарсы екенін мәлімдеді. "Интерфакс" агенттігіне сұхбатында Сыромолотов Мәскеу АҚШ бастаған коалицияның Сирия үкіметі немесе БҰҰ-ның рұқсатынсыз Сирияның солтүстігіне жаяу әскер түсіруді көздейтін кез-келген әрекетіне қарсы тұратынын айтты.

XS
SM
MD
LG