Accessibility links

Заңгер Танковтың аштық ұстап жатқаны хабарланды


Заңгер Евгений Танков.

Заңгер Евгений Танков.

Қарағандыда сотталып, жазасын Қарабас елді мекеніндегі АК-159/18 түрмесінде өтеп жатқан заңгер Евгений Танковтың анасы Валентина Танкова Азаттыққа бүгін ұлының аштық жариялап жатқаны туралы ақпаратты растады. Әзірге түрме басшылығынан ресми түсінік алу мүмкін болмай тұр.

- Ол 13 қаңтардан бері, осымен 30-күн аштық ұстап жатыр. Өте арықтап кеткен. Денсаулығына алаңдаймын. Ол аштық ұстау арқылы сотталушылардың дұрыс тамақтану, ақпарат алу құқығы орындалып, оларға белгіленген тәртіпке сай туыстарымен және достарымен телефон арқылы сөйлесуге мүмкіндік берілуі үшін күресіп жатыр. Ол көптеген талап қойған. Кеше өзімен сөйлестім. Бірақ тез-тез сөйлескендіктен, оның жағдайы қандай екені туралы нақты біле алмадым. Дүйсенбі күні дәрігермен сөйлескем. Евгений санитарлық бөлімде жатыр. Ол жерде оған дәрі құйып, система салып жатыр, - деді анасы Валентина Танкова.

Заңгердің аштық акциясына бірқатар құқық қорғаушы да назар аудара бастады. Алматылық құқық қорғаушы Бақытжан Төреғожина Танковтың аштығын "адамға дұрыс қарамауға қарсы" әдіс деп атап, жағдайға бас прокуратураның жауап қатуын сұрады.

Қарағанды облыстық қылмыстық атқару жүйесі департаменті (ҚАЖД) Азаттыққа Евгений Танковтың аштық ұстап жатқаны және талап қойғаны туралы ақпаратты я растап, я жоққа шығарған жоқ. ҚАЖД қызметкері Азаттық тілшісімен телефонмен сөйлескенінде департамент бастығы Дархан Қанатбековтің атына ресми сауал жолдауға кеңес берген. Бірақ әзірге жазбаша ресми сауалға жауап берілген жоқ.

Валентина Танкованың айтуынша, ақпанның басында бұған дейін өзінің түрмеде отыру жазасының қалған бөлігін бостандығын шектеу жазасына ауыстыруды сұраған өтінішін қанағаттандырмаған Абай аудандық сотының шешіміне апалляциялық шағым берген. Танкова ұлымен енді 3 наурызда кездесетінін айтады.

Судьяны «шыбын қаққыш дуэліне» шақырған қылығы үшін қарағандылық адвокат Евгений Танков 2014 жылы шілденің 24-і күні үш жылға бас еркіндігінен айрылған. 2014 жылы қазанда апелляциялық сот үкімді күшінде қалдырған. 2015 жылы наурыздың 18-інде Танков жазасын өтеп жатқан АК 159/18 колониясында өткен көшпелі сот отырысында мекеме әкімшілігі, прокуратура мен адам құқығы жөніндегі қоғамдық комиссия өкілдері заңгердің мерзімінен бұрын шартты түрде бостандыққа шығару немесе жазасын жеңілдетуді сұрап жазған өтінішін қанағаттандырмаған. Ал өткен жылы маусымның басында сот түрме әкімшілігінің талап-арызы бойынша Танковтың жаза мерзімін жарты жылға кеміткен.

XS
SM
MD
LG