Accessibility links

Ерғалиева Нарымбаевтан аштығын тоқтатуын сұрады


Ермек Нарымбаев, сотталған азаматтық белсенді
Ермек Нарымбаев, сотталған азаматтық белсенді

12 ақпанда журналист Гүлжан Ерғалиева, тергеу изоляторында аштық жариялап жатқан азаматтық белсенді Ермек Нарымбаевпен кездесті. Нарымбаевтың жақтаушылары сот оның кешегі «өкінуінен» кейін үш жылға сотталған белсендіні бостандыққа шығарып қалар деп үміттенеді.

Ерғалиеваның сөзінше, Нарымбаев, апелляциялық соттың басталуына шейін я өзіне қатысты бұлтартпау шарасы өзгертілмейінше аштық жариялауын тоқтатпауға бейіл.

Ерғалиеваның Азаттыққа хабарлауынша, Ермек Нарымбаев алдағы апелляциялық сотта ұстанатын позициясын жариялаған. Нарымбаев "айыбын мойындамайтынын, қазақ халқын қорлау ойында болмағанын, бірақ Facebook-те Серікжан Мәмбеталинның постын көшіріп жариялағанын мойындайтынын" айтқан.

Гүлжан Ерғалиеваның хабарлауынша, тергеу изоляторының басшылығы егер Нарымбаев аштығын тоқтатпаса оны күштеп тамақтандырамыз деп мәлімдеген.

Нарымбаевтың адвокаты Жанар Балғабаеваның сөзінше, бұлтартпау шарасын өзгертуге қатысты берген өтінішінің мерзімі ертең аяқталады. Ол апелляциялық соттың күні де әлі белгіленбегенін айтады. Өйткені Нарымбаев әлі сот процесінің бейнематериалдарымен танысып жатыр.

Азаматтық белсенділер Ермек Нарымбаев пен Серікжан Мәмбеталин былтырғы қазанда авторы Мұрат Телібеков делінген даулы «Ветер с улицы» кітабының үзіндісін әлеуметтік желіде көшіріп басқаны үшін Алматыда қамауға алынған.

Серікжан Мәмбеталин мен Ермек Нарымбаев сот процесі кезінде өздерінің кінәсіз екенін мәлімдеп, істеріне өкінбейтіндерін айтқан. 22 қаңтар күні Алмалы аудандық соты Мәмтеалинге екі, Нарымбаевқа үш жыл түрме жазасын кескен. 29 қаңтарда Серікжан Мәмбеталиннің Facebook парақшасында оның көпшілікке арналған үндеуі шыққан. Белсенді «қателік жасағанын мойындайтынын», «бірақ қылмысты әдейі жасамағанын» айтып, ертеңінде апелляциялық шағымы қаралғанға дейін босатылған.

XS
SM
MD
LG