Accessibility links

Рим папасы Франциск пен патриарх Кирилл Кубада кездесті


Рим папасы Франциск (оң жақта) пен Орыс православ шіркеуінің басшысы патриарх Кирилл. Гавана, Куба, 12 ақпан 2016 жыл.
Рим папасы Франциск (оң жақта) пен Орыс православ шіркеуінің басшысы патриарх Кирилл. Гавана, Куба, 12 ақпан 2016 жыл.

Ақпанның 12-і күні Рим папасы Франциск пен Орыс православ шіркеуінің басшысы патриарх Кирилл Кубада кездесті. Бұл - 1054 жылы христиан әлемі екіге бөлініп кеткеннен кейін католик шіркеуі мен әлемдегі ең үлкен православ шіркеуі басшыларының өзара алғашқы жүздесуі.

Гавана әуежайындағы оңаша кездесуден кейін екі дінбасы қол қойған бірлескен декларацияда халықаралық қауымдастықты Таяу Шығыстағы христиандарды қорғауға шақырған.

Құжатта Сирия мен Ирактағы зорлық-зомбылықтар мыңдаған адамның өмірін қиып, миллиондаған тұрғынды баспана мен өмір сүруге қажетті дүние-мүліксіз қалдырғаны айтылған. Папа мен патриарх жапа шеккен халық пен қатары қалың босқындарға гуманитарлық жәрдем қажет деп санайды.

Олар сондай-ақ Таяу Шығыстан христиандарды ығыстырып шығаруға жол бермеу үшін халықаралық қауымдастықты шұғыл әрекет жасауға шақырған.

Декларацияда патриарх Кирилл мен папа Франциск шіркеудің ортақ мұрасына байланысты күш біріктіріп, қазіргі заманғы қауіп-қатерге бірлесе қарсы тұруға ниет білдіргені айтылған.

Патриарх пен папа Украинадағы жанжалға қатысушы барлық тарапты ақылға тоқтап, бітімгершілік жігер танытуға шақырған.

«Біз Украинадағы көптеген жанның өмірін үзіп, бейбіт тұрғындарға шексіз қасірет әкелген, қоғамды терең экономикалық және гуманитарлық дағдарысқа ұшыратқан қарсыласуға қайғырамыз» делінген декларацияда. Папа мен патриарх «Украинадағы православ дінін ұстанушылар арасындағы алауыздық жойылып, елдегі барлық православ христиандар бейбітшілік пен келісім аясында тату-тәтті өмір сүреді деп үміттенетіндерін» айтқан.

Декларацияда патриарх Кирилл мен папа Францисктің дәстүрлі неке мен біржынысты жұптар некесінің теңестірілгеніне қынжылыс білдіретіні жазылған.

Рим папасы Франциск пен патриарх Кирилл кездесуінен видео:

Рим папасы Франциск пен патриарх Кирилл Кубада кездесті
please wait

No media source currently available

0:00 0:01:21 0:00

XS
SM
MD
LG