Accessibility links

Ресей әскерилері Асад әскеріне көмектесіп жатыр


Сириядағы «Град» артиллериялық кешені мен ресейлік әскерилер.

Сириядағы «Град» артиллериялық кешені мен ресейлік әскерилер.

Бүгін германиялық Der Spiegel апталық басылымы мен Conflict Intelligence Team (CIT) халықаралық зерттеу тобының белсенділері Сирияның солтүстігінде құрлықтағы әскери операцияларға ресейлік әскерилердің қатысып жатқанын дәлелдейтін жаңа айғақтар жариялады.

CIT зерттеуінде қаңтардың ортасында Сирияда үкімет күштері Түркиямен шекарадағы Жебел-Түркімен деп аталатын таулы өңірден қарулы оппозиция топтарын ығыстырып тастағаны айтылған. Аталған аймаққа былтыр күзде түрік әуе-қорғаныс күштері атып түсірген ресейлік Су-24 бомбалаушы ұшағы құлаған еді.

Белсенділер интернеттен тапқан бірнеше фотосуреттер мен видеолардың түсірілген уақыты мен жеріне қарап, Сирияның солтүстігінде үкімет әскерінің шабуылы ресейлік «Град» және «Смерч» реактивтік артиллериялық кешендері, сонымен бірге «Мста-Б» гаубицаларының қатысуымен жасалған деген қорытындыға келген. Фотосуреттерде бейнеленген сарбаздар киіміндегі, Сирия армиясында жоқ белгілер олардың ресейлік әскерилер екенін байқатады дейді белсенділер.

Бұған дейін, 3 ақпанда, Ресей ақпарат құралдары Сирияда содан екі күн бұрын ресейлік әскери кеңесші қаза тапқаны туралы хабарды растаған. «Интерфакс» агенттігіне Ресей қорғаныс министрлігі өкілдерінің хабарлауынша, қаза тапқан кеңесші мемлекеттік наградаға ұсынылған.

4 ақпанда Ресей президентінің баспасөз хатшысы Дмитрий Песков Сирияда қаза тапқан әскеридің аты-жөнін журналистерге айтудан бас тартып, «Сирияда құрлықтағы операцияларға ресейлік әскерилер қатысып жатқан жоқ» деп кезекті рет мәлімдеген. Ол Сирияда ресейлік кеңесшілер «Ресей берген әскери техниканың қыр-сырын сириялық әскерилерге үйрету және кеңес беру үшін жүр» деп түсіндірген.

Сонымен бірге, бүгін Ұлыбританияда орналасқан сириялық құқыққорғаушы топ бұған дейін Мюнхенде қауіпсіздік жөніндегі халықаралық конференцияға қатысушылар әскери іс-қимылдарды тоқтату туралы келісімге келгеніне қарамастан, ресейлік әскери ұшақтар Сириядағы Алеппо қаласы аумағына соққы бергені туралы хабарлады.

XS
SM
MD
LG