Accessibility links

Киев: Донбасқа қатысты Мюнхен кездесуі нәтижесіз өтті


Украина сыртқы істер министрі Павел Климкин.

Украина сыртқы істер министрі Павел Климкин.

Донбастағы жағдайды реттеуге қатысты Минск бейбіт келісімін жүзеге асыру туралы Мюнхенде «норман форматында» өткен келіссөздер нәтижесіз аяқталды деп хабарлайды украиналық УНН агенттігі.

«Ешбір нақты нәтиже жоқ. Бұл «норман форматындағы» келесі отырысқа дайындалу үшін өткен кездесу болды» деген Украина сыртқы істер министрі Павел Климкин. Оның айтуынша, алдын ала келісімге сәйкес, жаңа кездесу наурыздың басында Парижде өтпекші. Климкиннің сөзінше, Ресей аннексиялап алған Қырымдағы татарлардың тұтқындалуы және Донбаста жүрген ресейлік әскерилерге қатысты сұрақтарға Ресей сыртқы істер министрі Сергей Лавров жауап қатпаған.

УНИАН агенттігінің Павел Климкинге сілтеме жасап хабарлауынша, Мюнхендегі басқосуға Франция сыртқы істер министрі қатыспағандықтан кездесу «дайындық» сипатында өткен.

Мюнхенде сенбі күні қауіпсіздік жөніндегі халықаралық конференция аясында өткен кездесуге Ресей, Украина және Германия сыртқы істер министрлері қатысқан. Франция сыртқы істер министрі Лоран Фабиус жақында отставкаға кеткендіктен, Франция өкілі ретінде кездесуге дипломат Николя де Ривьер барған.

Германия сыртқы істер министрі Франк-Вальтер Штайнмайер Еуропаның шығысында қалыптасып отырған шиеленісті қазіргі кезде Еуропа Одағы алдында тұрған басты қатердің бірі деп атаған. Ол өз сөзінде 20-ғасырдың сұмдықтары мен «қырғи-қабақ соғысы» кезеңінен кейін бейбітшілік пен шекара қауіпсіздігі орнығады деген үміт болғанымен, «Еуропа құрлығына соғыс және бейбітшілік мәселесі қайта айналып келгенін» айтқан.

XS
SM
MD
LG