Accessibility links

Ресей премьері «жаңа қырғи-қабақ соғысы» жайлы айтты


Ресей премьер-министрі Дмитрий Медведев Мюнхенде қауіпсіздік жөніндегі халықаралық конференцияда сөйлеп тұр. 13 ақпан 2016 жыл.
Ресей премьер-министрі Дмитрий Медведев Мюнхенде қауіпсіздік жөніндегі халықаралық конференцияда сөйлеп тұр. 13 ақпан 2016 жыл.

Ресей мен Батыс елдері арасындағы қарым-қатынас «жаңа қырғи-қабақ соғысы кезеңіне» тап болып отыр, бірақ халықаралық қауымдастыққа «үшінші дүниежүзілік сілкініс» қажет емес. Бұл туралы Мюнхенде қауіпсіздік жөнінде өтіп жатқан халықаралық конференцияда Ресей премьер-министрі Дмитрий Медведев мәлімдеген.

«Бізді күн сайын дерлік біресе НАТО-ға, біресе Еуропаға, енді бірде Америкаға, я өзге елдерге төнген ең қорқынышты қауіп деп жариялайды» деген ол.

Ресей премьері екінші дүниежүзілік соғыстан кейін құрылған еуропалық қауіпсіздік архитектурасы 70 жыл бойы ғалами жанжалсыз өмір сүруге жағдай жасағанын айтқан.

Медведев Батыс елдерін Ресейді «тежеп ұстау доктринасынан» бас тартуға шақырған.

«Батыс әлемі қазіргі уақытта да тежеп ұстау доктраинасын Ресейге қатысты өте белсенді қолданып отыр. Оның қауіптілігі сонда, біз енді 10, 20 жылдан кейін де тағы да сол мәселелерді талқылай беретін боламыз. Егер, әрине, талқылайтын біреу қалса. Дүниежүзілік халифат жағдайында пікірталас жүргізу орынсыз болмақ» деген ол.

Бұған дейін, 2015 жылы қарашада Дмитрий Медведев әлемде жаңа қырғи-қабақ соғыстың басталуы «мүмкін емес сценарий» деп мәлімдеген еді.

Батыс елдері 2014 жылы шілдеде Мәскеудің Қырымды аннексиялап, Украина шығысындағы ресейшіл сепаратистерді қолдағаны үшін Ресейге қарсы санкциялар салған.

Мәскеу болса Қырымды «түбек тұрғындарының ерік-жігеріне сәйкес» қосып алғанын айтып, Шығыс Украинада ресейлік әскери бөлімдер барын жоққа шығарумен келеді.

XS
SM
MD
LG