Accessibility links

Рим папасы мексикалықтар қауіпсіздігін қамтамасыз етуге шақырды


Рим папасы Франциск (оң жақта) және Орыс православ шіркеуінің патриархы Кирилл. Гавана, Куба, 12 ақпан 2016 жыл.

Рим папасы Франциск (оң жақта) және Орыс православ шіркеуінің патриархы Кирилл. Гавана, Куба, 12 ақпан 2016 жыл.

Рим папасы Франциск Мексика жетекшілерін ел азаматтары үшін шынайы әділеттілік және қауіпсіздікті қамтамасыз етуге шақырды. Папа бұл туралы сенбі күні Ұлттық сарайда Мексика президенті Энрике Пенья Ньетоның қатысуымен өткен жиында айтты.

Франциск қоғамда жақсылықты бүкіл халық емес, тек таңдаулы адамдарға ғана жасау коррупция, есірткі саудасы, зорлық-зомбылық, адам ұрлау және өлтіру тәрізді қылмыстардың етек жаюына қолайлы болатынын ескертті.

Сенбі күні мексикалық епископтар алдында сөйлеген сөзінде Рим папасы оларды есірткі таратуға қарсы күреске қатысуға шақырды. Оның айтуынша, есірткі саудасы тұтастай Мексика қоғамына, соның арасында шіркеуге қауіп-қатер төндіретіндігіне жете мән бермеуге болмайды.

Мексикаға келген Ватикан басшысына қошемет көрсету үшін Мехико көшесіне мыңдаған адам шықты. Мексикалықтар Франциск бұл сапарында президент Энрике Пенья Ньетоның ел үшін көкейкесті мәселелерді шешуге, соның ішінде ең әуелі есірткі саудасымен байланысы бар қылмысқа қарсы күрес шараларын қабылдауына ықпал етеді деп үміттенеді.

Мексикаға барар алдында Рим папасы Орыс православ шіркеуінің басшысы патриарх Кириллмен Кубада кездесіп, екеуі бірлескен декларацияға қол қойған. Онда екі дінбасы халықаралық қауымдастықты Таяу Шығыстағы христиандарды қорғауға шақырған. Гаванада Рим католик шіркеуі мен Орыс православ шіркеуі басшылары мың жылға жуық уақыттан соң алғаш рет кездескен.

XS
SM
MD
LG