Accessibility links

Түркия әскері Сириядағы күрдтер жасағын атқылады


Соғыс қиратқан Алеппо қаласы, Сирия. (Көрнекі сурет.)

Соғыс қиратқан Алеппо қаласы, Сирия. (Көрнекі сурет.)

Түркия артиллериясы сенбі күні Сирияның Алеппо провинциясындағы күрд жасақтары бақылауындағы аудандарды атқылаған. Бұл туралы France Presse агенттігіне сириялық адам құқығының сақталуын бақылау тобы хабарлаған. Артиллериядан соққы берілгені туралы ақпаратты күрдтердің халықтық қорғаныс жасақтары (YPG) белсенділері Twitter әлеуметтік желісіндегі жазбасында растаған.

Түркия үкіметіндегі дерек көзі де Reuters агенттігіне Сириядағы күрдтер жасағына шабуылды растаған. Ол Азаза қаласы ауданына әскери қарудан соққы берілгенін айтумен шектелген. Бұған дейін Түркия премьер-министрі Ахмет Дәуітоглу қажет болған жағдайда Түркия сириялық күрдтерге қарсы әскери операция жүргізетін болады деп мәлімдеген еді.

Анкара сириялық күрдтердің PYD ұйымы мен оның әскери қанаты – YPG жасағын Күрд жұмысшы партиясымен байланысы үшін «террористік топтар» қатарына жатқызады. Өткен аптада АҚШ мемлекеттік департаментінің өкілі Вашингтон PYD ұйымы мен YPG жасағын «террористер» деп санамайтыны туралы мәлімдеген. Оған қарсы уәж айтқан Түркия премьері АҚШ билігінің «көзін жеткізуге» уәде еткен.

Сирия мен Иракта күрдтер «Ислам мемлекеті» экстремистік тобына қарсы белсенді күресіп келеді. YPG жасағы Сирияның солтүстігінде ауқымды жерді бақылап отыр.

XS
SM
MD
LG