Accessibility links

Түркия: Сириядағы күрдтерге шабуылды жалғастырамыз


Сирияның Кобани қаласындағы күрд жасақтары (Көрнекі сурет).
Сирияның Кобани қаласындағы күрд жасақтары (Көрнекі сурет).

Түркия билігі халықаралық қысымға қарамастан Сириядағы күрд көтерілісшілеріне шабуылын жалғастырады. Бұл туралы Германия канцлері Ангела Меркельмен кездесуінде Түркия премьер-министрі Ахмет Давутоглу мәлімдеді.

Ресми Анкара сириялық күрдтердің "Демократиялық одақ" партиясын Түркиядағы террористік деп танылған Күрдістан жұмысшылар партиясының бөлімі деп санайды. Түркия армиясы Сирияның солтүстігіндегі күрд көтерілісшілеріне осымен екінші күн қатарынан соққы беріп жатыр. Syrian Observatory for Human Rights ұйымының мәліметінше, бомбалаудан этникалық күрдтерден құралған Сирия демократиялық күштерінің екі сарбазы қаза тапқан.

14 ақпан күні Франция Түркияны Сириядағы әуе операцияларын тоқтатуға шақырған. Франция сыртқы істер министрлігі әскери қимылдар Сирияда күшіне енген бітім орнату туралы келісім бойынша тоқтатылуы тиіс дейді.

Сирияда қақтығысты тоқтату туралы келісім 12 ақпанда Мюнхенде Сирияны қолдау жөніндегі халықаралық топтың қолдауымен жасалған. Бітім "Ислам мемлекеті" (ИМ - Қазақстанда тыйым салынған террористік ұйым - ред.) ұйымы мен "Әл-Қаидамен" байланысы бар "Нусра майданы" ұйымына қатысты операцияларға жүрмейді.

Бұған дейін Сауд Арабиясы Түркияның Инчирлик әуе базасына ИМ-ге қарсы операцияға қатысу үшін әскери ұшағын жіберетінін білдірген.

XS
SM
MD
LG