Accessibility links

Сот Телібековтің судьяға шағымын қанағаттандырды


Азаматтық белсенді Мұрат Телібеков.
Азаматтық белсенді Мұрат Телібеков.

Алматы қалалық сотының судьясы Ержан Кененбаев бүгін белсенді Мұрат Телібековтің Бостандық аудандық сотының судьясы Людмила Бектемірованың іс-әрекетіне қатысты шағымын қанағаттандырды.

Азаттық тілшісінің хабарлауынша, Алматы қалалық соты судья Бектемірованы Телібековтің арызын қабылдауға міндеттеген. Бектемірова бұған дейін Телібековтің арызын қараудан бас тартқан еді.

Телібеков арызында ақпарат құралдары мен әлеуметтік желілер арқылы өзі туралы жала жабатын мәлімет таралып жатқанын айтады. Белсендінің сөзінше, қазақстандық телеарналардың бірінің YouTube желісіне салған хабарында өзін "діни экстремизмді қолдап отыр" және "экстремист-содырларды дайындықтан өткізуге қатысы бар" деп айыптаған. Телібеков хабарды дайындап, өзі туралы сұхбат алған журналисті жауапқа тартуды талап етеді.

Қазақстан мұсылмандар одағы ұйымының жетекшісі саналатын Мұрат Телібеков дауға ұшыраған, жарық көрмеген "Ветер с улицы" кітабының авторы саналады. Таяуда бұл кітаптің "интернеттен алынған үзіндісін әлеуметтік желіде жариялағаны" үшін азаматтық белсенділер Серікжан Мәмбеталин - екі жылға, Ермек Нарымбаев үш жылға сотталған. Телібеков сотта өзінің бұл кітапты 1990 жылдары басып шығара алмағанын, ал интернетте жарияланған нұсқасына қатысы жоқ екенін мәлімдеген. Телібеков бұған қоса, сотта Мәмбеталин мен Нарымбаев әлеуметтік желіде жариялады деген даулы үзінді өз кітабында жоқ екенін айтқан.

XS
SM
MD
LG