Accessibility links

Киев: Ресей Украина азаматтарынан әскер жасақтап жатыр


Украина қауіпсіздік қызметінің басшысы Василий Грицак.
Украина қауіпсіздік қызметінің басшысы Василий Грицак.

Украина қауіпсіздік қызметінің төрағасы Василий Грицак Ресей Украинамен шекарада үшінші армия корпусын құрып жатқанын мәлімдеді. Грицактың айтуынша, жаңа құрылым Ростов облысында өткен жылдың желтоқсанынан бері негізінен Украина азаматтарынан құралып жатыр. "Бұл құрылымның ендігі басшысы да тағайындалып қойған" деген Грицак "Интерфакс" агенттігіне.

Қыркүйекте Reuters агенттігі Ресей Украинаның Луганск облысымен шекарадан 25 километр қашықтықтағы Белгород облысында Валуйка әскери қалашығын жобалап, тұрғыза бастағанын хабарлаған. Reuters ол кезде Ресей үкметі сайтында жарияланған тендер құжаттарына сілтеме жасаған. Құжат бойынша, қалашықта үш мың әскерге арналған казармалар, зымыран-артиллерия қару-жарағы мен оқ-дәрілер сақтауға арналған қоймалар, үлкен жаттығу кешенін салу жоспарланған. Кейін Украинамен шекарада екінші ірі әскери база құрылысы басталғаны хабарланған. Reuters-тің мәліметінше, бұл база Воронеж облысының Богучар қаласы маңында орналасады.

Ақпанның басында Украина президенті Петр Порошенко немістің Bild басылымына Украина аумағында сегіз мыңға дейін Ресей сарбазы жүргенін, ал шекара маңында әскери базалар орналастырылып, әскери жаттығулар өткізілетінін айтқан.

Киев пен Батыс елдері Мәскеуді Украина шығысындағы қарулы қақтығысқа килікті, сепаратистерді қолдады деп айыптайды. Бірақ Ресей мұны жоққа шығарады.

XS
SM
MD
LG