Accessibility links

ҚАЖД: Заңгер Танков аштықты тоқтатты


Қарағандылық заңгер Евгений Танков.

Қарағандылық заңгер Евгений Танков.

Қарағанды облысында жазасын өтеп жатқан заңгер Евгений Танков түрмеде жариялаған аштық акциясын тоқтатты деп хабарлады Қарағанды облыстық қылмыстық атқару жүйесі департаменті (ҚАЖД). Азаттыққа жіберген ресми сауалға жауабында ҚАЖД Танков 25 қаңтарда судан басқа тамақтан бас тартатыны туралы өтініш білдіргенін айтады.

ҚАЖД хатында "Оның түрме әкімшілігінің өзіне алғыс білдіру арқылы көтермелегеніне осылайша қарсылық білдіргені анықталды. Осыған байланысты Танков Абай аудандық сотына "алғыс заңсыз жарияланды" деп шағымданған. Сот шағымды қандай да бір негізі жоқ деп қанағаттандырмай тастады" деп жазылған.

Қылмыстық атқару жүйесі департаментінің ақпараты бойынша, "Танковпен әңгімелесу нәтижесінде" ол 12 ақпаннан бері аштығын тоқтатып, тамақ іше бастаған. Департамент бұған қоса, заңгердің денсаулығы "тұрақты" екенін хабарлады.

Бұған дейін Танковтың анасы мен кейбір құқық қорғаушылар заңгер аштықты "түрмедегі тұтқындарды ұстау жағдайының нашарлығына" қарсылық ретінде ұстап жатқанын хабарлаған.

Судьяны «шыбын қаққыш дуэліне» шақырған қылығы үшін қарағандылық адвокат Евгений Танков 2014 жылы шілденің 24-і күні үш жылға бас еркіндігінен айрылған. 2014 жылы қазанда апелляциялық сот үкімді күшінде қалдырған. 2015 жылы наурыздың 18-інде Танков жазасын өтеп жатқан Қарабас елді мекеніндегі АК 159/18 колониясында өткен көшпелі сот отырысында мекеме әкімшілігі, прокуратура мен адам құқығы жөніндегі қоғамдық комиссия өкілдері заңгерді мерзімінен бұрын шартты түрде бостандыққа шығару немесе оның жазасын жеңілдетуді сұрап жазған өтінішін қанағаттандырмаған. Ал өткен жылы маусымның басында сот түрме әкімшілігінің талап-арызы бойынша Танковтың жаза мерзімін жарты жылға кеміткен.

XS
SM
MD
LG